Жаңаөзенде мұнай өндіру көлемі неге құлдырап жатыр?

Dalanews 19 мар. 2024 11:26 4764

«Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясында мұнай өндіру көлемі бірнеше жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұл Жаңаөзен қаласының экономикалық болашағына қатысты алаңдаушылық туғызады, себебі бұл компания бірден-бір қала құраушы кәсіпорын. Қаланың көптеген тұрғындары мұнай-газ саласында еңбек ететіні белгілі. Мұнай өндірісі азаюының себептері мен олардың жою жоспарлары жайлы Dalanews.kz материалынан оқи аласыз.

«Өзенмұнайгаз» компаниясы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай өндірумен айналысады. Ол жерде мұнай XX ғасырдың 1960-шы жылдарынан бастап игеріліп келеді. 1961 жылы 15 желтоқсанда Михаил Кулебякиннің бригадасы алғашқы мұнай бұрқағын алған. Сол сәттен бастап Өзен кен орнының, сонымен бірге Жаңаөзен қаласының даму тарихы бастау алады.

Ал «Өзенмұнайгаз» компаниясының тарихы 1964 жылы басталды деуге болады. Тап сол жылы «Өзен» мұнай-газ өндіру кәсіпшілігі құрылды. Сондай-ақ мұнайшылардың болашақ қаласы – Жаңаөзен қаласының құрылысы басталды. Осы уақыт аралығында вахталық жұмысшылар ғана тұратын елді мекен кеңейіп, жаңаөзендіктердің бірнеше ұрпағы өсіп-өнген қалаға айналды. Бүгінгі таңда қалада 100 мыңнан аса халық тұрады.

Өкінішке қарай, Жаңаөзен қаласының кен орындарында мұнай өндіру көлемі жыл сайын төмендеп келеді. 2023 жылы «Өзенмұнайгаздың» мұнай және газ конденсаты өндірісі 4,3%-ға, яғни 4,87 млн тоннаға азайды. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5 млн 347 мың тонна болса, 2021 жылы 5 млн 332 мың тоннаға төмендеді. Ал 2022 жылы одан да аз 5 млн 096 мың тонна мұнай өндірілді.

Өндірістің төмендеуіне Маңғыстау атом энергия комбинаты тарапынан (МАЭК) электр қуатын апаттық ажыратулар мен шектеулер себеп болды. Оның үстіне «Өзенмұнайгаз» кен орындары сарқылған. Еске сала кетсек, бұл жерде мұнай игеріле басталғанына 60 жылға жуық уақыт болды.

Қандай шара қолдануға болады?

Компания неғұрлым мұнайды аз өндірсе, соғұрлым кірісі мен табысы азаяды. Бұл компанияға мұнай өндіруді тиісті деңгейде ұстап тұру үшін жаңа жабдық пен технологияларға қаражат салуға кедергі келдіреді. Осының салдарынан кәсіпорын мұнай сервисіне және басқа қызметтерге, сондай-ақ күнделікті шығыстарға жұмсалатын шығынды өтеу үшін ақша табудың басқа амалдарын іздеуге тура келеді.

Компанияда 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Ал, мердігер ұйымдардың жұмысшыларымен бірге санасақ, «Өзенмұнайгаз» кен орындарына жұмылдырылған жұмыс күші 20 мың адамнан асуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» мекемесінде еңбек ресурстары көп шоғырланған, яғни қызметкерлер штаты тым үлкен. Мәселен, «Өзенмұнайгаздың» бір қызметкері тәулігіне 5 баррельге жуық мұнай мен газ конденсатын өндіреді (өндіріс 365 күн үзбей жүргізілген болса). Ал шетел компанияларының бір жұмысшысы тәулігіне 15-20 баррель өндіреді.

Өндірістің төмендеуін тоқтату үшін 2023 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасын қолға алды. Ол үшін Қазақстанның Үкіметі «Өзенмұнайгазға» салынатын пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендетті. Үнемделген қаржы оңалту шараларына жұмсалатын болады.

«Өзенмұнайгаздың» мұнай өндірісінен басқа да мәселесі бар. Мұнай сервис компанияларының жұмысшылары ұлттық компанияның штатына алуды талап еткеніне бірнеше жыл болды. Алайда компания штатын одан әрі кеңейте алмайды, әйтпесекәсіпорын бірнеше жылдан кейін-ақ жабылып қалуы әбден мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости