Қазір жасанды интеллектті күнделікті қолданып жүрміз – IT сарапшы

Айым Нұрғалеива 21 февр. 2024 15:45 1949

Соңғы онжылдықтарда жасанды интеллект күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Тапсырмаларды автоматтандырудан бастап медициналық диагноздарды жақсартуға дейін жасанды интеллект біздің өміріміздің әртүрлі салаларына жол ашты. Бұл технологиялық серпілістің көптеген артықшылығы бар. Қазақстандық IT маман Айгүл Сатыбалдина жасанды интеллекттің қарапайым өміріміздегі орны мен адамзатқа деген көмегі туралы айтып берді.

– Айгүл ханым, жасанды интеллектті қазірдің өзінде қолдана бастағанымызды көп адам түсіне бермейді. Айналамызда жасанды интеллектті қандай жағдайларда пайдалана бастағанымызды түсіндіре кетесіз бе?

– Әрине, бүгінгі күні жасанды интеллектті пайдалана бастағанымыз сөзсіз. Күнделікті өмірде жасанды интеллекттің ең көрінетін жағдайлардың бірі – оны үй құрылғыларында пайдалану. Siri, Google Assistant, Yandex Alice және Amazon Alexa сияқты дауыстық көмекшілер үйді автоматтандыруды басқаруға, тауарларға тапсырыс беруге, ақпаратты табуға мүмкіндік беруде.

Жасанды интеллекттің арқасында үй құрылғылары интуитивті және оларды пайдалану бұрынғыдан оңай бола түсті. Жасанды интеллект медицина саласында да өзінің маңызды сала екенін дәлелдеп үлгерді.

Машиналық оқыту алгоритмдері дәл диагноздар мен емдеу бойынша ұсыныстар беру үшін медициналық деректердің үлкен көлемін талдауға жасанды интеллект таптырмас көмекші болып тұр. Бұл әсіресе сирек кездесетін ауруларды анықтауға кезінде маңызды.

Сол сияқты көлік секторында да жасанды интеллект кеңінен қолданылуда. Автономды автомобильдер жолда шешім қабылдау үшін машиналық оқыту мен деректерді талдауды пайдаланады.

Сондай-ақ, жасанды интеллект әуежайлар мен қоғамдық орындарда күдікті әрекеттерді анықтайтын және қауіптердің алдын алатын тиімдірек қауіпсіздік жүйелерін жасауға көмектеседі.

– Дегенмен жасанды интеллекттің көп қолданылуының қандай да бір салдары болуы мүмкін бе?

– Иә, болуы мүмкін, бірақ ол адамзатқа айтарлықтай зардап тигізеді деп айтпас едім. Ойға келетін ең басты салдары – жасанды интеллект арқылы көп құралдың автоматтануына байланысты жұмыссыздықтың көбеюін бірінші кезекте айтуға болады.

Сонымен қатар жасанды интеллектті пайдаланудағы этика мәселесі де болуы мүмкін. Яғни, технологияны дамыту мақсатында алынатын жеке деректердің сақталуын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.

Әрине, нақты қандай салдары болатыны жасанды интеллекттің арнайы жүйелерінің қалай қолданылуына да байланысты. Айталық, жасанды интеллект дискриминация жасаған кейстер де бар. Яғни, жасанды интеллект құралына адамдардың нәсілі ақпараттарды енгізген кезде «Азиялық адамдар» санатын «жұмыссыздар немесе жалақысы төмен жұмыста және көп балалы отбасында тұратындар» ретінде сипаттап берген.

Сонымен қатар, қазіргі таңда өздігінен жүретін автокөліктер пайда болғаны белгілі. Алайда мұндай жағдайда адамдар жасанды интеллект қолданылған көлікке толық сеніп, салдарынан жол апаты секілді ауыр зардаптарға алып келетін жағдайлар да болып жатады.

Одан бөлек, кибершабуылдар қаупі артады. Себебі, жеке деректерді немесе компания туралы құпия ақпаратты ұрлағысы келетін хакерлер жасанды интеллект жүйелеріне көбірек шабуыл жасайды.

– Дегенмен, жасанды интеллект адамзат үшін қауіпті деп айта аламыз ба?

– Жақында IT саласындағы алыптар – Илон Маск, Стив Возняк және одан бөлек мыңдаған сарапшы жасанды интеллектті қолдануды кемінде алты айға тоқтата тұруымыз керегін, осы уақыт аралығында жасанды интеллектті зертеп алуымыз керегін айтқан болатын.

Жасанды интеллектті адамзатқа қарсы шығатын робот деп түсіну қате болар. Бұл жағдайда, яғни болашақта бірнеше сценарий болуы мүмкін. Соның біріншісі – адамзат пен жасанды интеллект бірге бейбіт өмір сүреді.

Қазірдің өзінде автоматтандырылған «машиналар» адамдардың жеңіл өмір сүруіне ықпал етіп жатыр. Ол жоғарыда атап өткенімдей кез келген салада байқалады.

Тіпті, робот-курьерлер де пайда болды. Соның бәрін адамзат өз пайдасына қолданып, жасанды интеллектпен бейбіт өмір сүруге болады. Ойға келетін екінші сценарий – жасанды интеллект адамзатты жойып жібереді.

Әрине, бұл әзірге тек біз фантастикалық фильмдерде көріп жүрген дүние. Жасанды интеллект адамзатты жойып жібереді деп кесіп айту дұрыс емес. Себебі біз алдағы жүз жылдықта бізді не күтіп отырғанын болжай да алмаймыз.

Сұхбаттасқан Айым Нұрғалиева


Рекомендовать
Последние новости