Жетісулықтар Арысты қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті

Dalanews 06 июл. 2019 18:11 867

Жетісулықтар Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған облыс әкімі:

– Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша еліміздің әр облысы және республикалық маңызы бар қалаларға арнайы учаскелер бөлінді. Бізге №15 учаске берілді. Ол ауданда – 29 көше, 9 әлеуметтік, 14 коммерциялық нысан мен 854 жекеменшік тұрғын үй орналасқан. Соның ішінде 157 жекеменшік тұрғын үйді қалпына келтіру жұмысы біздің аймақтың еншісінде. Бұл үшін қазір біз жергілікті қазынадан 1 млрд. теңге бөліп, нақты жұмыс жоспарын жасап, құрылыс ауқымын анықтаудамыз. Бұл істі жүзеге асыру үшін Арыс қаласында арнайы құрылған жұмыс тобы жүр. Ал құрылысты салуға бірнеше танымал серіктестік жұмылдырылмақ. Жұмыс бір айдың ішінде бітуі тиіс, – деді.

Сонымен қатар, Арыс қаласының 150 мектеп оқушысына бір ай бойы жер жәннаты Жетісуда тегін демалып қайтуына бар жағдай жасалатын болады. Балалар шілденің 10 жұлдызынан бастап Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласында орналасқан «Тау Жанашар» және «Күншуақ» лагерлерінде тынығып, қуаттанатын болады. Бұл іске бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген.

Балдырғандардың демалысын қамтамасыз ету барысында арнайы бағдарлама құрастырылып, балаларды моральдық-психологиялық қалпына келтіру мәселесі де қамтылған.

Айта кету керек, облыста 53 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған. Қайырымды іске мемлекеттік қызметкерлермен қатар, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар және облыстың қарапайым тұрғындары да атсалысуда. Соның нәтижесінде арыстық ағайындарға жалпы құны 60 млн. теңгеден асатын 10 автокөлікпен  азық-түлік, киім-кешектер мен  түрлі құрылыс заттары жеткізіліп, табыс етілген болатын. Бұл көмек әлі де жалғасын таба бермек.



Балжан ЖҰМАНБЕКОВА, Алматы облысы

 

Рекомендовать
Последние новости