Қазақ десе домбыра, домбыра десе қазақ, ал күй десе қазақ та, домбыра да еске түседі. Шынымен-ақ, қазақ пен күй деген сөз – бір ұғым. Өйткені, күй қазақтың ішкі жан-дүниесінің, арман-мақсатының, болмысының сыры. Үні. Дауысы. Күй – мыңдаған ұлт, ұлыстардың ішінде тек қазаққа ғана тән өнер, қасиет. Сол қасиетті дәріптеу мақсатында, домбыра күніне орай Талдықорған қаласында «Домбыра – дала даусы» атты күйжарысы өтті.

«Түркияда Айя-Софияда жыл бойы тоқтаусыз құран сүрелері оқылады. Соның аясында бүкіл дүние жүзі құранды естігенде бірден көз алдыларына Таяу Шығысты елестетеді. Ендігі біздің мақсатымыз – домбыраның үнін естігенде әлем халқы кең даламызды, Қазақстанды елестетуі керек, – деді Алматы облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы.
Шара соңында өнер иелері алғыс хаттармен марапатталды.
Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ