Жетісулық «Патриот Казақстан» реалити-шоуының жеңімпазы Ұлыбританияға аттанады

Dalanews 14 сент. 2018 07:27 1045

Алматы облысында  алғаш рет ұйымдастырылған PATRIOT.KZ реалити-шоуының жеңімпазы Ертанов Мирас Ұлыбритания мемлекетіне аттанып, былғары қолғап шеберлерінен тәжірибе жинамақшы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында  жоба авторы Науканов Бағдат мәлімдеді. 

Жастар арасында патриоттық сезімді ояту, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 2017 жылдың 19 қарашасы мен 3 желтоқсан аралығында Талдықорғанда алғаш рет PATRIOT.KZ реалити-шоуы ұйымдастырылған болатын.

Жобаға 18-22 жас аралығындағы, 70-75 келі  салмақ дәрежесі арасындағы бокстан ҚР спорт шеберіне үміткер спортшылар арнайы іріктелініп алынып, 11 аудан мен қаладан 16 қатысушы қатыстырылды. Екі аптаға созылған  жарыстың алғашқы аптасы спорттық, мәдени бағдарламалар мен оқу-жаттығуына толы болса, соңғы аптасы қатысушылар арасындағы жарысқа ұласты.

Нәтижесінде, Қаратал ауданының намысын қорғаған Мирас шаршы алаңда қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Енді ол 21-қыркүйек күні Ұлыбританиядағы азулы  екі  боксшы Anthony Joshua vs Alexander Povetkin кездесуін тамашалап, оқу-жаттығу сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасатын болады.

VIP ZHETYSU кітапханасында студенттермен өткізілген кездесуге арнайы  шақырылған боксшы өзінің жаңалықтарымен де бөлісті.

«Патриот Қазақстан» спорттық-патриоттық реалити-шоуына қатысып, жеңісімнің арқасында кәсіпқой боксшылардан сабақ алатыныма қуаныштымын. Жоба маған жеңіспен қатар жақсы жолдастарды кезіктірді. Бүгінде өзімнің спорттағы жолымды таптым десем де болады. Осы мүмкіндікті сыйлаған Алматы облысының әкімдігіне өз алғысымды білдіргім келеді, – деді Мирас Ертанов.

Сондай-ақ кездесу соңында дәстүр бойынша кітапхана қонағына арнайы сыйлықтар табысталып, кітапхана мүшесі қатарына қабылданды.

 

Балжан Жұманбекова

Рекомендовать
Последние новости