«Мұқали» кітабының тұсауы кесілді

Dalanews 14 сент. 2018 07:19 1204

Рухани жаңғыру орталығында «Мұқали» экспедиция қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылып, тарихи тұлға «Мұқали» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдерінен, Жетісу Мемлекеттік университетінің ұстаздары мен білімгерлері және БАҚ өкілдерінен  құралған жиын Қытай Халық Республикасына экспедиция мүшелерінің қатысуымен түсірілген фильмнің презентациясымен басталды.

Аталмыш фильмде Президентіміздің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру бағытында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен үстіміздегі жылдың 18-25 шілде аралығында журналист-жазушылар, композитор мен суретшілерден құралған топ мүшелері Бейжің мен Шанси провинциясындағы Сиань және Юлинь қалаларында болып, 1169-1223 жылдар аралығында өмір сүрген ұлы қолбасшының рухына тағзым етудегі сапарлары көрсетілді.

Сондай-ақ фильмде Юлинь қаласының басшысы Ли Шин Лин мырзаның екі ел арасында меморандум әзірлеуі туралы ұсынысы да баяндалған.

– Мұқали – қазақтардың ата-бабасы. Біздің еліміздің біртұтас, іргелі мемлекет болуына атсалысқан айтулы тұлға. Құрмет тұтамыз.  Қазақстаннан арнайы делегация келгендігін құптаймыз. Бұл екі ел арасындағы ежелден келе жатқан достығымызды нығайтады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлесе өмірге әкелген көптеген бастамаларының үдесінен де шығады бұл сапарларыңыз. Бізге «Бір жол, бір белдеу» жобасы ұнайды. Сауда-экономикалық байланыстарымыз соңғы жылдары тіптен ұлғайды. Жібек жолы экономикалық белдеуі бабаларымыздың асқақ армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Өз басыма келсек, гүлденген Алматы және Ташкент қалаларын көруді бұрыннан армандап жүр едім. Енді соның мүмкіндігі туады деп есептеймін. Қарсы болмасаңыздар, Юлинь және Талдықорған  қалаларын бауырлас қалалар жасау туралы меморандум әзірлесек деймін, – деді ол.

Айта кетейік, Мұқали Жалайыр – батыр заманында Шыңғыс ханның атынан Қытайды билеп, аспан асты елінің 65 провинциясын бағындырған тарихи тұлға. Хандардың ханы атанған Темучиннің Мұқали, Желме, Жебе, Сүбедей сияқты төрт батыры болғаны белгілі. Осы төрт әскери қолбасшының біріншісі Мұқали империядағы тоғыз төренің бірі атанды. Шыңғыс хан бұл елді жаулап алып, Тұранға аттанғанда «менің атымнан әміріңді жүргізе бер!» деп қаптаған қалың қытайды билеуді Мұқалиға сеніп тапсырған. Өз ішінен үшке бөлініп, аққу, шортан һәм шаянның кейпіне түскен қытайдың басын біріктірген де осы батыр бабамыз болатын.

Кездесу үстінде он жеті адамнан құралған экспедиция мүшелері де өз ой-пікірлерін кеңінен ортаға салды.

– Расын айтсақ, экспедициямыздың темірқазық мақсаты – Мұқали баһадүрдің басына баруға аспан асты еліне келгеннен асықтық. Алты жүз мыңнан астам тұрғыны бар ауқымды қала құшақ жая қарсы алды. Келбетті қонақүйге орналаса салысымен, жол бастаушыларымызбен қалалық билік үйіне де ат басын бұрдық. Юлинь қаласынан  күтіп алған басшысы Ли Шин Лин мырза нөкерлерімен қуана қабылдады. Қазақ елі елшілігінің өкілдері апталық сапарымыздың әр күнін айтасыз, әр сағатына дейін көрініс тапты. Мұқали бабамыз жанкештілікпен негіздеп кеткен айбынды әулеттің алтын арайы кешегі Алаш арыстарын нұрландырып, бүгінгі Азатты күнімізге шапақ шашып тұрғандығы айтып жеткізгісіз бақыт! Құйын ойнаған құба жонда құрыштай құйылған алып тұлғалар – ұлттық мәртебеміздің мәңгілік тұғыры. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді ұлықтауға арналған бұл жолғы сапарымыз осылайша, біз күткендегіден де шырайлы шықты, – деді «Жетісу» газетінің бас редакторы, экспедиция қатысушысы Әміре Әрін.

Сонымен қатар жиын барысында «Мұқали» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап  тарихи-танымдық экспедиция  материалдары негізінен және Мұқали бабамыздың жерленген жерін әлденеше жылдар мұғдарында аяғынан тоза жүріп іздеп тапқан, ханзулық деректерді арқау ете «Мұқали» атты тарихи роман жазған Ақбар Мәжитұлының құнды деректерінен біріктірілген. Екі бөлімнен тұратын жинақ Алматы облысының әкімі А.Баталовтың  қолдауымен жарыққа шықты. Кітапты құрастырған  белгілі журналист, жазушы Ырым Кененбай.

Оқулық  қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып, оқырмандарға ұсынылып отыр.

Балжан ЖҰМАНБЕКОВА

Рекомендовать
Последние новости