«Тарихи жол» мобильді қосымшасы туризмнің дамуына серпін береді

Dalanews 14 сент. 2018 07:08 1008

Алматы облысында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Қадырғали Жалайри ескерткішінің алдында «Тарихи жол» мобильді қосымшасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Шара барысында AV-SoftWere компаниясының өкілдері Айбек Алмұхаметов пен Ерболат Қанатбек Алматы облысында туризмді дамыту мен Қазақстан тарихын жаңғырту мақсатында мобильді қосымша іске қосылатындығын мәлімдеді.

– Біз өте бай тарихы бар елде тұрамыз. Қазіргі Қазақстан аумағында туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ел тарихының қызықты фактілерімен қолжетімді әрі қолайлы түрде таныстыратын мобильді қосымшаны әзірледік. Бұған қоса, қосымша еліміздің қонақтарына мәдени-тарихи танымал жерлермен жақын танысуға көмектеседі. «Тарихи жол» қосымшасы арқылы бес тілде жаңа форматта керек жерлерді көруге, танысуға мүмкіндік береді, – деді А.Алмұхаметов.

Айта кетейік, Еліміздің тарихын жаңғырту және туризмді дамыту мақсатында жасалған қосымша алғаш рет Шығыс Қазақстан облысында пайда болған. Онда еліміздегі киелі жерлер тізіміне кірген 40 нысан қамтылған болса, алдағы уақытта Алматы облысы бойынша 20 нысанды қамту жоспарланып отыр. Қосымша арқылы киелі жерлер жайлы мағлұмат алумен қатар, оған барар жолды да көруге болады.

«Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша қолға алынған бұл қосымшаның берері мол. Яғни елімізге келуші туристер санының артуына да өзіндік септігін тигізбек.

– Мобильді қосымша интернетсіз істейді. Яғни алыс жерлерде интернет ұстамай қалған кезде ол оның көмегінсіз-ақ, офлайн режимде жұмыс істей береді. Алдағы уақытта біздің жобамыз бойынша Алматы облысында 20 ескерткішке QR-код орнатуға тырысамыз, – дейді жобаны әзірлеуші Ерболат Қанатбек.

Балжан Қайратқызы

Рекомендовать
Последние новости