Жетісу облысында еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге прокуратура араласқаннан кейін қызметкерлерге жалақы және үстеме жұмыс үшін 30 миллион теңгеден астам қаржы төленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан Конституциясының 24-бабына сәйкес, әр азамат кемсітусіз еңбек етіп, тиісті сыйақы алуға құқылы. Алайда өңірдегі бірқатар жұмыс берушілер бұл талаптарды сақтамаған.
Мәселен, "Жаркент Фрукт" ЖШС 66 қызметкеріне 16 миллион теңгеден астам еңбекақы берешек болып, олардың құқықтарын бұзған. Ал Текелі қалалық ауруханасында 115 медицина қызметкері белгіленген жұмыс кестесінен тыс жұмыс істегенімен, үстеме еңбегі үшін 15 миллион теңгеден астам ақы алмаған.
Аталған фактілер бойынша Панфилов ауданы мен Текелі қаласының прокурорлары қадағалау актілерін енгізіп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде барлық қызметкерлерге жалақы мен үстеме төлем толықтай өтеліп, жалпы саны 181 азаматтың конституциялық құқығы қалпына келтірілді.