Тамыз конференциясында «Келешек мектебі» стратегиясы мен даму перспективалары талқыланды

Ақтоты Жапатова 14 авг. 2025 12:52

2025 жылғы 13 тамызда Астанада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен республикалық Тамыз конференциясы аясында «Келешек мектептері: стратегиялық мақсаттар мен нақты нәтижелері» тақырыбында №3 панельдік секция өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Панельдік секцияның негізгі мақсаты – «Келешек мектебі» тұжырымдамасын талқылау және мектептердің даму перспективаларын айқындау болды. Іс-шараға Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылым жөніндегі вице-президенті Анар Танирбергенова; «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» директоры Лаура Бутабаева; Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфолла Смайлов; сондай-ақ Ұлттық білім академиясының кәсіптік бағдар беру және адами капиталды дамыту орталығы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері мен «Келешек мектебі» басшылары қатысты.

Іс-шара барысында «Келешек мектебі» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында үлгілік оқу бағдарламалары тиімділігінің мониторингі (міндеттері, кезеңдері, қатысушылары және олардың қызметтері), Қазақстанда инклюзивті білім берудің негізгі аспектілерін дамыту, сондай-ақ «Maman» бағдарламасы аясындағы кәсіптік бағдар беру жұмысының моделін «Келешек мектептері» базасында апробациялау сияқты стратегиялық маңызы бар мәселелер талқыланды. Қатысушылар фасилитациялық сессияларға қатысып, топтық жұмыс форматында технологиялық картамен жұмыс жасады.

«Инклюзивті білім берудің басты мақсаты – әрбір баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау. Біз ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін толық ашуға күш салуымыз керек», – деді Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Лаура Бутабаева.

Сондай-ақ орталық басшысы инклюзивті білім берудің негізгі аспектілері мен инклюзивті мәдениетті қалыптастыру факторларын, саладағы өзекті мәселелер мен тәуекелдерді атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Бұдан бөлек, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы зерттеулері негізінде әзірленген Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамыту платформасы туралы айтты. Жоба BR21882231 «Концептуальная модель обеспечения инклюзивности и доступности в системе образования Казахстана» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асырылған.

Секция қорытындысында қатысушылар мектептерді дамытуға бағытталған ұсыныстар мен бастамаларды қарастырып, Қазақстанның орта білім беру жүйесін жаңғырту және инклюзивті оқыту тәжірибесін кеңейту бойынша пікір алмасты.

Іс-шара білім беру саласында қолжетімділікті және сапаны арттыруға, әлемнің озық тәжірибелерімен алмасуға, сондай-ақ қазақстандық мектептердің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.


Рекомендовать
Последние новости