Биыл өңірде жөндеу жұмыстарына 25 миллиард теңге бөлінді. Оның 8 миллиард теңгесі желілерді жаңғыртуға жұмсалды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазір шалғай аудандардағы қазандықтар дайын тұр. Көмірмен қамту мәселесі де шешілді.
"Дегенмен, тұрғындар ерте қамдануға асығар емес", – дейді жауаптылар. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің де ішкі желілерін жедел дайындау керек. Қазір облыстағы 3 мыңнан аса көпқабатты үйлердің 65%-і ғана қысқа дайын.
"Автономды қазандықтар мен тұрғын үй қоры 15 тамызға дейін толық дайын болуы тиіс. 1 қазанға дейін көмір жеткізушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтап, қажетті отын көлемінің кестеге сәйкес жеткізілуін қамтамасыз ету және оны теміржол тұйықтарында сату мен тиеу кезінде кезекке тұру жағдайларын болдырмау қажет", – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Әкімнің айтуынша, барлық қала мен аудандарда бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстайтын арнайы штабтар жұмыс істеуде. Қазіргі таңда білім беру нысандары көмірмен 93%, денсаулық сақтау – 81%, әлеуметтік сала да – 81% қамтамасыз етілген. Өскеменде 1753 тұрғын үйдің 1053-і дайындық паспортын алған.
Ерекше назар Риддерге аударылуда: мұнда қазандықтардың дайындығы әзірге 65%, алайда жылу желілерін жөндеу кестеге сай жүргізілуде.
"Барлық жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс, себебі Риддер – облыстың ең суық аудандарының бірі және мұнда жылыту маусымы ертерек басталуы мүмкін", – деп атап өтті әкім.