Берденов ісі: күдіктінің адвокаты жаңа мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 15 авг. 2025 17:08

Шымкентте бұрын “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС директоры қызметін атқарған, 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қорғау тарапы тергеудің біржақты жүргізілгенін және өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін алға тартты.

Адвокат Мұсақұловтың айтуынша, оқиға орнынан алынған оқ-дәрілер (оқтар) ауыстырылған болуы ықтимал. Сол себепті ол сараптама қорытындыларының бір бөлігін іс материалдарынан алып тастауды сұрады.

Айыпталушының әкесі Пиралиев те істің қолдан жасалғанына сенімді. Оның сөзінше, жәбірленушінің денесінен алынған бытыра саны дұрыс есепке алынбаған. Ол Руслан Берденовтің ауруханадағы медициналық деректерін сұратуды талап етті. Берденовтің өзі де денесінде әлі шамамен 60 бытыра қалғанын айтқан.

Прокуратура сараптаманың заң талаптарына сай жүргізілгенін, ал қайталама тексеру оның нәтижелерін толық растағанын мәлімдеді.

Судья Әбінұр Қарабаев қорғау тарапының өтінішін ашық қалдырып, оны үкім шығару кезінде ескеретінін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов, биыл сәуір айында өзіне жасалған қарулы шабуылдан кейін, сотта жеке куәлік беруге ниетті екенін жеткізген еді. Бұл туралы оның өкілі Жеңіс Тыныбек мәлімдеді.

Тыныбектің айтуынша, 12 тамызда Берденовке ота жасалған. Қазіргі жағдайы туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен ол дәрігерлер рұқсат берген бойда сот залына келіп, болған жайтты егжей-тегжейлі айтып беруге дайын.

“Бүгін оған операция жасалды. Дәрігерлер рұқсат еткен сәтте куәлік береді деп жоспарлап отырмыз. Өзі де “сотқа барамын, бәрін толық айтып беремін” деп отыр. Жиенбайдың алғашқы сотта сөйлеген 45 минуттық сөзінің бірде-бірі шындыққа жанаспайды. Оның өз әйеліне күйе жағатын мәлімдемелері орынсыз”, – деді Тыныбек.

Сонымен қатар жәбірленушінің өкілі тергеу барысында айыпталушы және оның қорғаушысымен кездескенін айтты. Әңгіме кезінде қарсы тарап ақпараттық шабуылмен қорқытқан.

“Олар бізге келіп: “Соғыс болады” деп ескертті. Жарайды, соғысыңдар, біз заңгерміз. “Егер қарсы ұсыныс болмаса, соғыс басталады. Ақпараттық тұрғыдан құртамыз, Берденовтің мансабына нүкте қоямыз” деп ашық айтты”, – деді ол.


Рекомендовать
Последние новости