Жетісу облысы Тәжікстанмен ынтымақтастықты кеңейтуде

Ақтоты Жапатова 15 апр. 2025 09:34 251

Бүгін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің сауда өкілі Олимджон Ашурзодамен кездесті. Басқосуда қос тарап екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесу барысында Ә. Қанағатов аймақтың инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Атап айтсақ, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және транзит салаларына, «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының мүмкіндіктеріне баса назар аударды. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары екінші жартыжылдықта Жетісу өңірінде бизнес-форум өтетінін мәлімдеп, оған Тәжікстанның іскер топ өкілдерін қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Олимджон Ашурзода екіжақты ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарына тоқталып, аймақтың экспорттық әлеуеті туралы бірқатар сұрақтар қойды. Атап айтсақ, тәжік кәсіпкерлерінің аймақтағы зауыттармен тікелей келісімшарт жасасу мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Жетісуда шекаралық ынтымақтастықтың орасан зор әлеуеті бар екенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы қарым-қатынастарды дамытуға қызығушылық танытты.

Кездесу соңында әлеуетті инвесторлар мен іскер серіктестерді табуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу туралы ұсыныстарды қолдап, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге дайын екендігін жеткізді.

Айта кетейік, Жетісу облысы мен Тәжікстанның сыртқы сауда айналымы 2024 жылы 8,3 млн. АҚШ долларын құрады.


Рекомендовать
Последние новости