"ҚазМұнайГаз" отандық зауыттағы ірі үлесін неге ресейлік компанияға сатты

Кәмшат Тілеухан 14 апр. 2025 13:09 17701

"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы 2023 жылдың желтоқсанында сатып алған Атыраудағы тамақ пленкасын шығаратын зауытты неге қайта сатқандарын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл арада ресейлік "СИБУР" холдингіге сатылған "Полимер Продакшндағы"  60% үлес туралы сөз болып отыр. Зауыт неге оларға сатылды? Мұны ҚМГ былай түсіндіреді:

"Біріншіден, "Полимер Продакшн" зауыты пайдаланатын негізгі шикізат – полипропиленді "СИБУР" холдингіден алады. Яғни, "СИБУР" жылына 180 мың тонна тауар өндіруге қабілетті, тамақ пленкасын шығаруда үлкен тәжірибесі бар әрі "Полимер Продакшн" пайдаланатын полипропилен өнімін шығару бойынша серіктес болып табылады. Екіншіден, сату кезеңінде зауыт жұмыс істемей тұрған, ал жұмысшылары ішінара өтемақы төленіп, уақытша демалысқа жіберілген".

ҚМГ атап өткендей, компанияның шығыны 5,8 млрд теңгені құрайды.

"Оны сатып алған сәттен бастап өндірісті қалпына келтіру жұмыстарымен айналыстық, кәсіпорын ұжымы алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауды жалғастырдық. Бірақ біз үшін, негізінен, тамақ өнеркәсібінде буып-түю материалы ретінде пайдаланылатын БОПП-пленкалар өндірісі қызметіміздің бейінді түріне жатпайды. Осыған байланысты кәсіпорынды оңалтуды сапалы жүргізу үшін серіктесті тарту туралы шешім қабылданды", – деді ұлттық компания.

Қол жеткізілген мәміле "Полимер Продакшн" өндірістік қуаттарын жедел қалпына келтіру жөніндегі жоспарды іске асыруға мүмкіндік береді, ол үшін қомақты инвестициялар салынбақ. 

"Кестеге сәйкес, кәсіпорынды қалпына келтіру және өндіріске көшу 2025 жылдың ІІІ-IV тоқсанына сай келеді. Қазір зауыт қызметкерлері біліктілігін арттырып, "СИБУР" кәсіпорындарында кәсіби тағылымдамадан өтуде", – дейді "ҚазМұнайГаздағылар".

Айта кетсек, "Полимер Продакшн" ЖШС 2012 жылы Атырау облысында полимер өнімдерін өндіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған.  Зауыт 2015 жылы пайдалануға берілді. Қаржылық құжаттағы есепке сәйкес, Polimer Production-ның шығыны 2022 жылғы 31 желтоқсанда 27,59 млрд теңгені, капитал тапшылығы 6,02 млрд теңгені құрады. Одан бөлек мойнында Samruk-Kazyna Ondeu арқылы алынған 12,1 млрд және 11,05 млрд теңгенің несие ақшасы тағы бар. Сонымен қатар, қап пен пленка өндіруші кәсіпорын 2021 жылы 793 млн теңге, ал 2022 жылы 1, 19 млрд теңге қаржылай көмек алды. Сондай-ақ,2022 жылы кәсіпорынның жарғылық капиталына 3,3 млрд теңге қаражат құйылды.

2023 жылғы желтоқсанда Polimer Production жарғылық капиталының 100%бұрынғы иелері - "Samruk-Kazyna Ondeu" ЖШС (99,9%) мен "Тараз химиялық паркі" ӘЭА басқарушы компаниясынан (0,1%) "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ-ның қолына өтті. Ол кезде ұлттық компания "мұны мұнай-газ-химия активтерін шоғырландыру жөніндегі жұмыс бойынша жүргізілген дәйекті іс-шара" деп атады.

Polimer Production қызметінің негізгі түрі - "KPI" ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінде алынатын полипропиленнен полимерлі өнім өндіру. KPI-ді ҚМГ басқарады, сондықтан Polimer Production-ды ұлттық компанияның еншісіне өткізу Атырау облысындағы бірыңғай газ-химия кешені шеңберіндегі жобалардың синергиясын қамтамасыз етеді, делінген сол кездегі ақпаратта. Ал 2023 жылдың желтоқсанында Polimer Production қатысушының ауысуына байланысты мемлекеттік тіркеуден қайта өтті.


Рекомендовать
Последние новости