Жетісу балаларына арналған жыр шашулар

Dalanews 14 дек. 2023 10:46 1353

Гүлбақыт Қасен жер жаннаты Жетісу жерінде балаларға арнап жыл шумақтарын төгіп жүрген ақын қыздарымыздың бірі. Ол 1975 жылы Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультінде (1996 ж.), Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясының заң факультетінде (2011 ж.) білім алған. Еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1995-2008 ж.ж. мектепте мұғалім, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары, колледжде директордың әдістеме жөніндегі орынбасары болды. 2008-2015 ж.ж. Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасында бас маман, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтерінде істеді. 2015-2020 жылдары Алматы облысы әкімдігі, ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінде облыс әкімінің бас инспекторы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Жетісу облысы әкімі аппаратында облыс әкімінің бас инспекторы болып жұмыс жасайды.  «Алуа» (2014 ж.), «Бақыт гүлі» (2015 ж.), «Құсқанаты» (2017 ж.), «Жүрегімнің хаттары» (2020 ж.) жыр жинақтары, «Күнтұмар-Айтұмар» (2019 ж.) атты қырғыз тілінде, «Бақыт гүлі» (2023 ж.Аланья қаласында) түрік тілінде кітабы шықты.  «Балалалар кітапханасы» аясында «Күн дегенім-дәу жұлдыз» (2023 ж.) атты суретті кітабы мемлекеттік қолдаумен шықты.

Өлеңдері қырғыз, әзербайжан, түрік, саха, орыс, қытай тілдеріне аударылған. «Жетісу» телеарнасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Асыл сөз» зияткерлік бағдарламасын (2011-2014 жж.) ұйымдастырып жүргізді. Облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мағжан көктемі» өнер фестивалінің лауреаты, Халықаралық Әлішер Науаи атындағы сыйлықтың иегері. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Тәуелсіздікке 25 жыл, 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Шыны керек бүгінде балаларға арналып жазылған өлең, тақпақтар жетіспегендіктен бала психологиясына сай емес шумақтарды жаттап, тіпті балабақшада Аяз атаға айтып беріп жүрген балалар аз емес. Осы орайда Гүлбақыттың қыс тақырыбындағы және басқа да балаларға арналған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Жаңа жыл келді

 

- Жаңа жыл келді!

- Қоян ба?

- Жатырсың неге оянбай?

Тұра ғой қәне, ерінбе,

Далаға шықшы ойланбай.

 

Даланың әппақ ажарын,

Көрдің бе өмір базарын.

Балалық - бақыт, еркеле,

Еркеле, жыр ғып жазамын.

 

Қуанып оян, күлімде,

Мереке болсын бүгін де.

- Ақ қоян қайда?

- Отыр ғой...

жасыл шыршаның түбінде.

 

 

Қыс

Қыс қандай керемет,

Қызықтың бәрі бар.

Ақ түтек ұлпалақ

Бораны, қары бар.

 

Тірілді аққала,

Ақ тонын жамылған.

Оянды шыршалар,

Моншағын тағынған.

 

Қыр басы көңілді,

Ертегі еліндей.

Балалар ойнайды,

Аязға берілмей.

 

 

Шынығамыз қар күреп

 

Тау-тау болып үйілген,

Күпсек қарды кешеміз,

Досым шықты үйінен,

Жақын біздің көшеміз.

 

Жалғас айтты Олжасқа:

- Жол ашамыз үйге біз.

Қандай шара тоңбасқа?

- Қалың киім киеміз.

 

Ағаш шана, бар күрек,

Қолымызға аламыз.

Шынығамыз қар күреп,

Біз еңбекқор баламыз.

 

 

Қыс келді

Аязы да әдемі, бораны да,

Алақанға әппақ қар қонады ма?

Қыс келді деп қуанған балалар мәз,

Аяз ата сағынған қонағы ма?

 

Ақ күміске малынған дала қандай?

Ақ мамыққа аунаған бала қандай?

Сырғанақтың қызығы таусылмайды,

Шана біткен тұлпар боп жаралғандай.

 

Аққала

Қайта келген өмірге...

Аққаламыз бұрынғы,

Көзі қара көмірден,

Қызыл сәбіз мұрыны,

Түймелері темірден,

Әппақ қардан тұғыры.

 

Тесік шелек тұмағы,

Мойнында ала орама,

Інім ұқпай сұрады:

- Тоны қайда? Тоңа ма?

Жоқ екен ғой құлағы,

Үйге кірсе бола ма?

 

- Мекені оның далада,

Дос боламыз тек қыста,

Көңілі әппақ, бағала,

Ғұмыры да ең қысқа.

Көктемге бір барайық,

Қолың қайда, кел, ұста!

 

 

Қыс қызығы

Қыс қызығы таусылар ма,

қала салар ақ қардан,

таң атады, кеш батады,

барлық бала шаттанған.

 

-Ертең ерте тұрайықшы,-

деді Майра Данаға,

шелегі мен қос күрегін,

салып қойды шанаға.

 

- Жарысамыз шанаменен,

жарысамыз шаңғымен.

- Ең әдемі аққаланы

жасайықшы алдымен...

 

Саябаққа жиналыпты,

бүкіл ауыл баласы,

таңқалдырар таңғажайып,

ертегілер қаласы.

 

Бүлдіршіндер мәз-мейрам боп,

домалатар ақ қарды,

дәу аққала жасап шығып,

достарына мақтанды.

 

Қыс қызығы таусылар ма,

қала салар ақ қардан,

бақыт әні естіледі,

аулалардан, бақтардан.

 

Көктем нақыштары 

Көк шығып қырларға

Қыс тастап бөрігін,

Балалар қыздырды

Ойынның көрігін.

 

***

Қозы-лақ жамырап,

Секіріп ойнайды.

Хормен ән салғандай

Көкке әуен бойлайды.

 

***

Бау-бақша жап-жасыл,

Өріктер гүлдеді,

Ақ мақта тәрізді

Алма ағаш бүрледі.

 

***

Қып-қызыл қызғалдақ

Көмкерді даланы.

Жусанның иісі

Тазартты ауаны.

 

***

Көк түс пен жасылға

Ағаштар боялды.

Құстардың үнімен

Қуанып ояндым.

 

Бәйшешек

Мөп-мөлдір нәзік бәйшешек -

Белгісі ару көктемнің.

Ақ гүлден тұмар таққандай

Әдемісін-ай көк белдің.

 

Кіршіксіз әппақ бәйшешек -

Нышаны берік достықтың,

Жаңарған сәтте дүние

Мен дағы адал дос күттім.

 

Үлбірер сұлу бәйшешек -

Үміттің гүлі арайлы.

Тазалық тұнған бар әлем

Сүйсініп дала қарайды.

 

Домбыра

Біздің үйдің төрінде,

Бар үкілі домбыра,

Қазағымның болмысы,

Қасиетті ол - мұра.

 

Құрманғазы, Динаның,

Күйін төгер, тынбайды,

Ата менің сүйсініп,

Қоңыр үнін тыңдайды.

 

 

Қобыз

Күйі бөлек қобыздың,

Табиғатпен үндескен.

Күй атасы кемеңгер

Қорқыт бабам тілдескен.

 

Тарихымды ақтарсам,

Қобыз жайлы аңыз көп.

Қойлыбайдың қобызы,

Бәйге алған жалғыз кеп..

 

Қарағайдан қайырған,

Үйеңкіден үйірген,

Аққу мүсін, киелі

Қанатына күй ілген.

 

 

Рекомендовать
Последние новости