Жемқорлық ескерткіші: Астана LRT-ның бұрынғы басшысы сот үкімін қайта қарауға шағымданды

Қаракөз Амантай 26 дек. 2024 15:34 527

"Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімін қайта қарауға шағым түсірді. Алайда оның апелляциялық шағымы ақталмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы үкімімен Ардан Т. ауыр салдарға алып келген қызметтiк өкiлеттiктерiн қызмет мүдделерiне қайшы пайдалану фактісі бойынша (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы) бойынша кінәлі деп танылды (сырттай). Ардан Т. бұрын 2023 жылғы 3 мамырдағы үкіммен ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылған”, — делінген хабарламада.

Оның “Астана LRT” ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқара отырып, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, LRT құрылысы жөніндегі жобаны іске асыруды бұзғанын, нәтижесінде бұрын Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алынған 257,6 млн долларын, яғни 85,9 млрд теңгеге баламалы (ҚРҰБ 2016 жылғы желтоқсандағы валюталардың ресми бағамына сәйкес) “Астана LRT” ЖШС қайтармаған және ол тиісінше нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған.

“Осылайша Ардан Т. қызмет мүдделеріне қайшы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, нәтижесінде оның заңсыз әрекеттері “City transportation systems” ЖШС-не аса ірі мөлшерде, яғни 85,9 млрд теңге сомаға материалдық залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соқтырды”, — делінген сот хабарламасында.

Сот үкімімен келіспеген сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, оны ақтауды сұрады.

Алайда Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалып, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

“Өйткені сотталғанның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді. Сот актісі заңды күшіне енді”, — деді сот өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Астана LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты үкім шыққан еді. Бұл туралы  Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп хабарлады.

Сотталушыға халықаралық іздеу жарияланған, сондықтан оның қатысуынсыз сырттай қаралды. 

2016 жылғы 22 желтоқсанда LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан қызметтің мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілетін теріс пайдаланып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 миллион АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған.

2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен банктің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Осылайша, бұл жобаны іске асыру бұзылды, ҚМДБ-нен алынған қарыз қаражаты ЖШС-ға қайтарылмады және ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, City transportation systems ЖШС-на 85 миллиард теңгеден астам шығын келтіргендіктен, оның әрекеттері ауыр салдарға алып келді. 

Сондай-ақ А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Сот үкімімен Ардан ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Арданнан City transportation systems ЖШС-ның пайдасына 85 миллиард теңгеден астам материалдық шығын өндірілді", - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Іс бойынша ЖШС алған мемлекеттік қарыз, шарт бойынша бақылау жүзеге асырылмағандықтан, ҚР Қаржы министрлігі тарапынан лауазымды тұлғалардың немқұрайлы фактісі бойынша прокурордың атына жекеше қаулы шығарылды.


Рекомендовать
Последние новости