Мекеменің хабарлауынша, Тілек Матраимов, оның ұлы, немере туыстары және жеке күзетшілерімен қырғыз-өзбек шекарасындағы өзеннен өтіп бара жатқан жерінен ұсталған. Кейбір басылымдардың жазуынша, арасында депутат Ескендір Матраимовтың ұлы да бар.
Қазір оларды қырғыз тарапқа беру мәселесі қаралып жатыр.
Тілек Матраимов Ош облысындағы Кара-Сууй ауданын сегіз жылдан бері басқарып келген. Парламент сайлауы алдында ол денсаулығына байланысты демалысқа кеткенін мәлімдеген. Ол Қырғызстанның кеден қызметінің төраға орынбасары болған Райымбек Матраимовтың туған інісі.
Билікке ықпалы зор деп есептеліп келген Матраимовтар отбасының тағы бір мүшесі - Ескендір "Мекеним Кыргызстан" партиясы тізімі бойынша депутаттыққа үміткер болған.
Азаттықтың қырғыз қызметі бұл кланның елден 700 миллион доллар шығарғанын дәлелдейтін зерттеу материалын жариялаған. Бұл партия өткен сайлауда 7 проценттік межеден өткен.
5 қазанда парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін Қырғызстанда жаппай наразылық шарасы басталды. Парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялардың лидерлері мен жақтастары митингке шықты. Олар әкімшілік ғимараттарды басып алып, түрмеде отырған бірқатар саясаткерлерді босатты. 6 қазанда Орталық сайлак комиссиясы сайлау нәтижесінің күшін жойды.
Бірқатар оппозициялық партия өкілдері Райымбек Матраимовты жауапқа тартуды талап етеді.