Біздің білуімізше аталған заң осы күнге дейін 20 шақты рет өзгеріске түскен. Заңның өңделуіне, өзгеріске түсуіне әлемдік ахуал, халықаралық тәжірибе әсер еткен.
«Жасыл экономикамен» байланысты жобалар елімізде ең алғашқы рет 2014 жылы пайда болды. Сол уақыттан күні бүгінгі дейін еліміздегі қайта қалпына келетін қуат көздерінің үлесі 8 есеге өскен.
Энергетика министрлігіне қарасты Жаңартылатын энергия көздері департаментінің басшысы Абай Құланбайдың айтуынша 2014 жылы қуаттылығы 170 МВт болатын ең алғашқы станция ашылса, бүгінгі таңда мұндай станциялардың саны 140-қа жуықтайды. Бұлардың жалпы қуаты 2000 МВт-дан асып жығылады.
Жіктеп айтар болсақ, қазіргі күні Қазақстанда:
- Қуаттылығы 1098 МВт-ны құрайтын 52 күн электр станциясы;
- Қуаты 300 МВт-ға жуықтайтын 40 гидростанция;
- Қуаты 684 МВт-ны құрайтын 40 жел электр станциясы және де
- Қуаты 8 МВт 5 биостанция бар.
2014 жылдан күні бүгінге дейін аталған салада 10 мыңнан аса уақытша жұмыс және 2000 тұрақты жұмыс орны құрылған. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде еліміздегі іргелі оқу орындарында «жасыл энергияның» қыр-сырын үйрететін мамандықтар ашылған.
«Баламалы энергия көздеріне деген сұраныс артып келеді. Жоғары оқу орындары да бұл тенденциядан қалыс қалғысы келмейді. Университеттерде осы саланың мамандарын тәрбиелейтін факультеттер көптеп ашылуда», – дейді Абай Құланбай.
Оның атап өткеніндей Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвесторлар қызығушылық танытып, аталған салаға осы күнге дейін 1 трлн теңге инвестиция құйылған.
«Бұл саланы дамытуға бюджет тарапынан бір тиын да шығын шыққан жоқ және осы үрдісті сақтап қалуға мүдделіміз. Білетін болсаңыздар, осыдан біршама уақыт бұрын энергетикалық балансқа қатысты маңызды шешім қабылданды. Жаңартылатын қуат көздері туралы айтқанда Қазақстанның көбіне-көп жел электр станцияларының құрылысына басымдық беретінін айту кету керек. Көпшілікке мұның себебін түсіндіре кетейін.
Жаңартылатын энергия көздерінің кеңістігін кеңейту үшін алдымен олардың әлеуетіне, экономикаға қандай пайдасын тигізеріне баға береміз. Ал еліміздегі жел энергиясы потенциалы өте ауқымда, жел энергиясының потенциалы жөнінен біздің әлем бойынша ТОП-10 тізімінде тұр», – дейді маман.
Абай Құланбай болашақта 920 млрд кВт сағат энергияны желдің көмегімен алатын боламыз. Еліміздің шығыс аймағының гидроәлеуеті жоғары. Ол жақта 662 млрд кВт сағат қуат өндіретін мүмкіндігіміз бар.
«Елімізде қуаты 1ГВТ-ты құрайтын күн станциялары жұмыс істеп тұр. Бұл салаға инвестордың көмегі ешқашан артық етпейді. Себебі, мұндай станциялардың құрылыс жүргізу қомақты қаржыны қажет етеді. Мәселен 1 ГВт күн электр станциясын салу 600 мыңнан 800 мың доллардың аралығында тұрады. Ал жел электр станциясын кем дегенде 1-1,5 млн доллар қаражат қажет. Су станцияларының бағасы 1,5-2 млн доллардың арасында тұрады», – дейді сарапшы.
https://dalanews.kz/kogam/80522-zhastar-rukhy-zhastarga-arnalgan-alga