Жас шенеунік Астанадағы лауазымды қызметін неге тастап кеткенін айтты

Сағыныш Сардарова 15 мар. 2024 13:37 5553

Жуырда ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босап, Жамбыл өңіріне қызметке барған Әбілқайыр Тамабек өзін Астанадан кетірген кім екеніне жауап берді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әбілқайыр Тамабек министрліктегі қызметі кезінде ең жас вице-министр атанған еді. Ол қызметте бұлай тез көтерілуінің артында кім тұрғанына жауап берді. Сөзіне сүйенсек, еңбегі еленген, бағаланған.

"Мен министрліктен жұмыс бастағанмын. Ең алғашқы сарапшы болдым, бас сарапшы да болдым. Одан кейін басқарма басшысы болып жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп академияда оқыдым. Одан Президент кадрлық резервіне тапсырдым. Ел қатарлы үш жүздікке өткен азаматтарға ұсынғандай, маған да ұсыныстар берді. Сол ұсыныстың ішінен өзім таңдап, туған жерім Жамбыл облысына жұмысқа кеттім. 2 жыл 3 айдай Жамбыл облысында басқарма басшысы болып жұмыс істедім. Одан вице-министрлік қызмет ұсынды. Сол уақыттарда жер қайтару бойынша тапсырма болды.

Мен жер инспекциясында істедім. Сол жерде біршама жер қайтарып, ескі Қазақстан дейікші, қазір сәнге айналды ғой, сол кездегі мүйізі қарағайдай азаматтардың ешқайсына қарамай жерді кері қайтардым. Еңбекті елегені шығар, вице-министрлік қызмет ұсынды. Алдымызға 10 миллион гектарлық жер қайтару тапсырмасын қойды", - деді олAbay Live-қа берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Тамабек министрліктегі шенді қызметтен кетуіне не түрткі болғанын ашық айтты.

"Сол 10 миллион гектар жерді қайтарып, одан кейін келесі кезең Жамбыл облысы әкімі орынбасарын ұсынды. Ербол Шырақбайұлы бірге қызмет істегенбіз. Вице-министрліктен ешкім мені қуған жоқ. Бірақ туған жеріме Астанадан жиған-терген білімімді, тәжірибемді салайын деп барып жатырмын.

Бұл әңгіме ешқандай шындыққа жанаспайды. Мені ешкім министрліктен қуған жоқ.

Қазіргі ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сейпілұлына өзі "мен кетемін" дегеннен кейін бірнеше рет "жұмысыңды атқара бер" деп айтты. Ұжымның алдында да "бұл азаматқа жұмыста қалу туралы ұсыныс бердім, өзінің таңдауы" деді. Сол себепті өзімнің таңдауым.

Әртүрлі әңгіме айтады: депутаттар кетірді дейді, Смайыловтың командасы кеткеннен кейін бір күнде алып тастады дейді. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар азаматтар саяси мемлекеттік қызметшілер Президент әкімшілігінің, Үкіметтің келісімімен алдын ала келісілетінін біледі. Сол себепті менің құжатым да 28 желтоқсан күні Президент әкімшілігіне енген. Ол кезде Үкімет ауысуы туралы хабар жоқ. Сол себепті ешқандай депутаттар да кетірген жоқ, Әлихан Асханұлының командасы болып кетті дейтіндей де ешқандай қисын жоқ. Өз таңдауыммен, шешіміммен кеткен азаматпын. Әрине, Президент әкімшілігінің келісімі бар", - деді Тамабек. 

Ел арасында Тамабек бұрын ауыл шаруашылығы министрі болған Шөкеевтің артынан кетті деген де әңгіме тарады. Жас шенеуніктің бұған да жауабы дайын.

"Командалық ауысулар болатын шығар, болып та жатыр. Өзіме қатысты нәрсені айтайын.

Қазіргі Жамбыл облысының әкімі, кезіндегі ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлымен ауыл шаруашылығы министрі болғанға дейін таныс болған емеспін. Ол кісі Жамбыл өңіріне кетті, мен бес айдан кейін ауыстым. Ол кісі өзі де бірнеше рет келу туралы ұсыныс берді. Біріншіден, ол кісі менің жұмысымды көрді, екінші мәселе, мен Жамбыл өңірінің тумасы болғаннан кейін шақырды деп санаймын", - деп жауап берді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі Әбілқайыр Тамабек басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босатылғанын хабарлады. Ол бұл қызметіне 2 жыл бұрын келген еді.

Вице-министрдің есімі былтыр қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдары бетінде тарады. Өйткені шенеунік Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровпен жанжалдасып қалды.

Мәжілістегі отырыста дау депутаттың фермерлер қиын жағдайда екенін айтқан мәлімдемесінен кейін туындаған. Депутат фермерлердің көктемде егін егетін ештеңесі жоқ екенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде вице-министр "Азық-түлік корпорациясының" тұқым ретінде пайдалануға болатын бір тонналық астық қоры бар екеніне сендірген.

Ал әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, жұмыстан босап қалған Әбілқайыр Тамабек бұрынғы бастығын іздеп, Жамбыл облысына әкімнің орынбасары болып барады. Яғни қайтадан бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің қол астына кетеді деген ақпарат болды.

Бұл болжам расталып, ауыл шаруашылығы вице-министрі болған Әбілқайыр Тамабек Жамбыл облысы әкімдігінде жаңа қызметке кірісті.

Ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.


Рекомендовать
Последние новости