Жаркенттік Жақыбаевтар әулетінен 33 адам бір мезетте референдумда дауыс берді

Көркем Алдабергенова 06 окт. 2024 10:52 1077

Мәуелі бәйтеректей жайқалған Жақыбаевтар әулетінен 33 адам бір мезетте Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы № 326 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл әулет жазиралы Жаркентте туып, өсіп-өніп, ұрпағын өрбітіп отыр.

"Ұрпағының жарқын болашағын қалайтын әр адам сайлауға зор үмітпен келеді. Біз де әулетімізбен бірге келіп, таңдауымызды жасап тұрмыз. Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей жұмылуымыз керек", - деді дауыс беру учаскесіне балаларымен бірге келген 85 жастағы Азия Жақыбаева.

9 бала, 36 немере, 69 шөбере сүйіп отырған ана әр адам қабылдаған шешім мемлекетіміздің одан әрі дамуына әсер ететінін айтып, жұртшылықты дауыс беруге шақырды.

Еске салсақ, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.


Рекомендовать
Последние новости