Жансейіт Түймебаев: "Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз"

Dalanews 23 окт. 2018 06:49 693

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановпен кездесті. Басқосуда өңірдегі білім саласының бүгінгі жай-күйі кеңінен сөз болды.

Кездесу барысында өңір басшысы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді негізге ала отырып, облыстағы білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.



«Елбасы кезекті Жолдауында Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмыстарын нақтылап берді. Соның бірі – білім беру жүйесінің сапасын арттыру. Қазіргі таңда өңірімізде осы бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, білім сапасын жақсартуды, одан бөлек, аталған салада кездесетін кейбір кемшіліктермен күресуді заманауи технологиялардың көмегімен іске асыруды қолға алдық.


Бүгінде мектептерге электронды күнделік жүйесін енгізіп жатырмыз. Мұның артықшылығы сонда, әрбір ата-ана өз баласын үнемі бақылауда ұстайтын болады.

Қандай баға алғанын, сабаққа қаншалықты қатысып жүргені туралы ғаламтор арқылы біліп отыратын болады. Сондай-ақ, мектептерге ұстаздарды жұмысқа қабылдау шаралары да электронды жүйенің көмегімен атқарылуда. Бұл құжат ресімдеу кезіндегі адами факторды азайтып, нәтижесінде жемқорлықтың алдын алуға сеп болады» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуына қаныққан халық қалаулысы алдағы уақытта Түркістан өңірінің өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға барынша өз үлесін қосып, қолдау білдіретінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол бірқатар аудан, қалалардағы сайлаушыларымен кездесіп, жергілікті жердегі атқарылып жатқан оңды істермен кеңінен танысты.

Рекомендовать
Последние новости