Жаңа Қазақстанда қоқыс сорттау мәдениетін қалыптастыру қажет - эколог

Dalanews 26 нояб. 2022 11:11 1062

Күре жолдардың бойында шашылып жататын пластикалық құтылар мен алюминий қалбырларды пойызбен немесе көлікпен жүретіндердің талайы көрген. Оған ірі зауыттардың өзен-көлдерге төге салатын лас сулары мен ауаға шығаратын улы түтіндерін қосыңыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпаққа экологиялық білім беру ісін жолға қоюды тапсырған еді. Қоршаған ортаны қорғау саналы адамның міндеті һәм борышы.

 Dalanews тілшісі осы ретте бүгінде АҚШ-та Джордж Вашингтон университетінде білім алып жатқан эколог Айнұр Cейілханмен сұхбаттасып, ауаның ластануы, қоқыс полигондары, экологиялық мәдениет жайлы әңгіме өрбіткен еді.

Айнұр ханым, хабардар боларсыз, түнеукүні бір топ алматы тұрғындары экомитинг ұйымдастырған болатын. «Мегаполистегі ауа күн өткен сайын ластанып жатыр» дейді олар. Алматыдай алып қаланың ауасын тазарту үшін не істелуі керек? Айталық, ЖЭО-ларды көмірден газға көшіру тәсілі арқылы мәселені шешуге бола ма?

– Әсем Алматы қаласында халықтың саны артып келе жатқаны белгілі. Қазірдің өзінде ресми дерек бойынша 2 миллионнан артық тұрғыны бар мегаполис.

Бүгінгі таңда шаһардың экологиялық проблемасы бар екені жасырын емес. Алматы ойыста тұрғандықтан, ауа айналымына кедергі келтіруде. Сондықтан қалада еркін демалуға кедергі келтіруде. Бұл өз кезегінде адамның денсаулығына қауіп төндіріп жатқаны айтпаса да түсінікті.

Ауаның ластануын төмендету мақсатында Польша мемлекетінде «таза ауа» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы бағдарламаның аясында ескірген пештерді орталық жылыту жүйесіне қосып, жылу электр орталығы көмірден, электр қазандықтарға, конденсатты газды қазандықтарға және жылу насостарына алмастырған.

Дәл осылай Алматыда да осындай дүниені қолға алу керек. Пайдасы өте көп. Көмір адам ағзасына, ауаға зиян. Ал егер газға көшсе, экологиялық мәселелер де біртіндеп шешілер еді.

– Алматыдан бөлек, бүгінде елімізде экоахуалы асқынып тұрған қандай аймақтар бар? Еліміздің барлық өңірлері экодағдарыстың алдында тұр деп айтуға бола ма?

– Әрине көшбасында Алматы тұр. Әрі қарай тізімде Қарағанды, Теміртау, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Балқаш. Аталған қалаларда экологиялық ахуалдың туындауының басты себебі сол аймақта жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп ошақтарына байланысты болып отыр. Демек ауаға бөлінетін зиянды заттардың әсерінің салдары.

Ал Алматыға келетін болсақ, ол ең бірінші автокөліктердің көптігі, екінші географиялық жағдайы, үшінші ЖЭО- жұмысы, төртінші кішігірім кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтардың әсерінен экологиялық ахуал ұшығып тұр.


Сондықтанда жоғарыда айтып өткен қалаларда ірі өнеркәсіп ошақтары, комбинаттар шектеулі мөлшерлі концеттарцияларын төмендетіп, жаңа технологияларға көшетін болса, ауаның ластануына жол берілмес еді.

– Бүгінге қолданыстағы Экологиялық кодекстің қандай кемшілігі бар? Құжатқа қандай толықтыру енгізілуі қажет деп ойлайсыз?

– 2021-шы жылы 2-ші қаңтарда жаңа Экологиялық кодекске қол қойылды. Оң тұстарын айтып өтсек мәселен белгілі бір өнеркәсіп ошақтары қоршаған ортаны ластаған жағдайы тіркелсе, дереу қалпына келтіруге атсалысуы керек. Міне, осы тұсын экологтар көптен күткен едік.

Соңғы 10 жылда экологиялық кодекске 80 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Алайда осы күнге дейін түбегейлі бір өзгеріс көрмедік.



Негізі, экологиялық кодексті дамыған елдердің тәжірибесіне қарап жасайды. Демек үлгі болып алынған мемлекеттегідей бағдарлама іс жүзінде орындалып, тікелей еліміздегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әл-ауқатына әсер етуі керек емес пе?

Шет елде  қоршаған ортаға залал келтірген өнеркәсіп ошақтары мен кәсіпорындар ерекше бақылауға алынған. Ал бізде экологиялық кодекске сүйеніп экологияға кесірін тигізгендерге тиісті бөлімдер мен департаменттер «бармақ басты, көз қысты» әрекетке салынып отырған жоқ па? Айыппұл салған кезде жеңілдіктер болып жатқан жоқ па? Қаншалықты қатал қарап отыр? Осыны ескеру керек.

Тәуелсіздік алғалы бері қаншама экология минстрлері қызмет атқарды. Бірақ та сол басшылардың ел есінде атқарған жұмыстары, бағдарламалары өкінішке орай қалмады. Күнделікті қоршаған орта мәселесі назардан тыс қалмайды, алайда салаға түбегейлі көңіл бөлінбей келе жатқаны қынжылтады.

– Байқар болсақ, экология кез-келгенді әкеп қоя салуға болатын сала секілді көрінеді.  Ашығын айту қажет, экология саласы маңызы жағынан денсаулық пен білім саласынан кем түспейтін, әрі бұлармен тікелей байланысты бағыт. Осы мәселені жоғарыда ескергісі келетін азаматтар тапшы ма деген ойға қаласың. Экология, қоршаған орта мәселесіне Үкімет, мемлекет дәрежесінде көңіл бөлініп отыр ма?

– ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғшаған ортаның қазіргі мүшкіл халін сынға алып, халықтың экологиялық мәдениеті туралы сөз қозғаған еді. Өскелең ұрпаққа экологиялық білім беру ісін жолға қоюды тапсырған еді. Балабақшадан бастап, бастауыш, жоғары сынып,колледж, жоғары оқу орындарында экология жайлы білім беру жүйесінде кеңінен айтылады деп еді,  алайда Білім және ғылым минстрі Асхат Қанатұлы қолдау көрсетеміз дегенмен, әлі толыққанды іске аспай келеді.

Мен өзім жоғары оқу орнында экология пәнінен сабақ бергендіктен, біраз кемшіліктерді көріп жүрмін. Атап айтсақ эколог мамандары жетіспейді, сол себепті география, филология пәндерінің мұғалімдері  экология бойынша сабақ беруге мәжбүр.

Қазақ «шымшық сойсада, қасапшы сойсын» демей ме, демек филолог немесе қазақ тілі пәнінің мұғалімдері арнайы экологияны тереңдеп оқымағаннан кейін ауа, топырақ, су қабатын қайдан біледі?


Жалпы жоғары оқу орындарында  экологиялық мәдениет, экологиялық сауаттылық, сана деген ұғымдарды қалыптастыру үшін, экологиялық кодексті әрмен қарай насихаттау үшін «Қоршаған орта» деген пәнді енгізу керек деп санаймын.

Жапония елінде кішкентай балабақшаға баратын балаға қоқыстарды сұрыптау, көшеге лақтырмау, табиғатқа аяушылықпен қарау сынды қағидаларды үйретеді.

Бізде де жаратылыстану, өзін-өзі тану сынды бағдарламалар балабақшада іске асып жатыр. Алайда жоғару оқу орындарында  Философия, Қазақстан тарихы сынды, экологияда міндетті пән ретінде қарастырылуы керек.

Адам қандай мамандықтың иесі болса да, табиғаттан алыстамай, қоршаған ортадан алыстамауы керек.

– Еліміздегі қоқыс полигондарының көпшілігі сын көтермейді. Осы мәселені қалай және қандай жолмен реттеуге болады? (қателеспесек, елімізде 3 мыңға жуық осындай полигоны бар екен).

– Қазіргі таңда қоқыс полигондарының барлығы дерлік талапқа сай деп айта алмаймыз. Кейбірі адамдар тұратын жерге өте жақын орналасқан.

Біздегі полигондар ашық далада болғандықтан, көбінесе келетін қоқыстар жерге, топырақ астына сіңбейтін, 100, 200 жылдап, кейбір пластик өнімдері 400 жылға дейін жойылмай жатады. Демек бұл топыраққа, суға, ауаға, сол жерге жақын елді-мекендердерде өмір сүретін адамдардың денсаулығына кері әсер ететіні сөзсіз.

Негізі сол тұрғындардың денсаулығына диагностика жасап, бақылайтын болса, көптеген аурудың себептері осы полигонға жақындығынан болып жатады.

Және тағы бір кемшілік сол қоқыс полигондарындағы қалдықтар кейде өртеніп, салдарынан ауа ластанып, қоршаған ортаға зиянын тигізуде.


Жалпы Қазақстандағы полигондарда 22 млрд тонна қалдықтар бар. Оның 96 миллионы тұрмыстық қалдықтарға жатады. Орта есеппен әрбір алматылық 100 кг тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайды екен.

Ал полигонға келетін қоқыстардың қанша пайызы сұрыпталады және сұрыпталмайды?

Токсинді, уытты, улы, қанша пайызы кәдеге жаратылады? Оның ешқайсысын ешкім біліп жатқан жоқ. Зиянды заттар бөлек сұрыпталып жатыр ма, химиялық заттардың ауаға қаншалықты кесірін тигізуде, сол жерге жақын жерде өмір сүріп жатқан аамдарға қаншалықты ауа арқылы таралып жатыр? Міне, осы сұрақтар бойынша бізде қоқыс полигондарына  қатысты мониторинг жасайтын мекемелер жоқтың қасы.

Полигондардың санын азайту үшін қалалық жерлерде арнайы қалдықтарды қабылдау орындарын көбейту керек. Химиялық, тамақ, қағаз қалдықтарын қабылдайтын мекемелер, мейлі жеке кәсіпкер осы іспен айналыссада, олардың ісін әрі қарай жетілдіру үшін мемлекет жағынан қолдау көрсетіп, салық мөлшерін төмендетсе.

Өйткені  тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасу, өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру қыруар еңбекті қажет етеді. Ең бастысы бұл жерде тұрғындар арасында қоқыстарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруымыз керек.

– Қазіргі таңда сіз АҚШ-та білім алудасыз. Ол жақтағы халықтың экомәдениеті қай деңгейде? АҚШ тұрғындарының экологиялық сауатына қандай баға бересіз?

– Иә қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы арқылы Джордж Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп жатырмын. Бұл жақтағы халықтың экомәдениеті өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Өркениетті елдерде бұл қалыпты жағдай.



Мысалы кез келген өнімді сатып алған тауарда эко белгі болады. Кока-кола құны 4 ақш доллары десек, сол бағаға алюминий қалбырды қайта қорытуға, қоқысқа дейін апарып тастауға, кәдеге қайта жаратуға компания атынан қаржы бөлініп қойған.

Ал біздің елде қалай десек. Сусындарды шығарған компанияның немесе басқа өнімдер шығаратын зауыттар тек дүкенде шығарған тауарлары өтсе, шығындарын жапса деген мақсаттары ғана бар.

Халық тауарларын тұтынғаннан кейін қоқыстарды сұрыптауға, қайта өңдеумен шаруасы жоқ. Қысқасы  шөлмектің, қораптың жағдайы қызықтырмайды.


Ал Америкада өнімді шығарушы мен, тұтынушы арасында байланыс бар. Ортақ мүдде бір. Сонымен қатар, бұл жақта пластикалық шөлмекті қайта өңдеуге ыңғайлы етіп, жұқа қылып шығарады. Өркениетті елдерде барлығы ойластырылған. Ал егерде тамақтардың қалдықтарын немесе пластикалық бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерді көметін болсаң немесе көшеге лақтырып кетсең айыппұл төлейсің.

– Қазақстандықтардың экологиялық сауаты мен мәдениетіне қандай баға бересіз?

– Бізде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау сынды дүниелерді насихаттау жағы әлсіздеу дер едім. Қағаз қалдықтарын макулатураға өткізу жастар арасында қызығушылық тудырмайды.

Керісінше қоқыстарды жерден көтеріп алып, арнайы қоқыс жәшігіне салуды көп адамдар намыс көреді. Көп жағдайда бір қоқыс жәшігі тұрады. Соған тамақ қалдықтарында, пластикалық бөтелкелерді де, қағаз қалдықтарында салып жатады. Сұрыптау жоқ. Әр адам қоршаған ортаға жіті мән беріп, табиғатты аяласа, тал ексе, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысса, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын едік.

Сұхбаттасқан, Қуаныш Рахметоллаұлы



Dalanews анықтамасы


Сейілхан Айнұр Сейілханқызы, Абай облысы Аягөз қаласының тумасы. 1986ж. Экология мамандығының магистрі, PhD, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің зерттеу лабораториясының 2 курс постдокторанты, Абай ат. ҚазҰПУ, Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы, әл-Фараби ат.ҚазҰУ Биомедицина орталығының ғылыми қызметкері. Білім саласының үздігі. "Тұрақты даму контекстінде жасыл университет тұжырымдамасын қалыптастыру" жобасының авторы және жетекшісі.

 Болашақ халықаралық бағдарламаласының 2021ж. стипендия иегері, АҚШ, Дж.Вашингтон университеті. Мамандығы - Орталық Азия елдеріндегі білім беруде менеджментті дамыту бағдарламасы. Вашингтон қаласы.

Рекомендовать
Последние новости