Жаңа оқу жылына дайындық: ата-аналардың есепшотына қанша қаржы түсті?

Қаракөз Амантай 20 авг. 2025 11:49

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектеп формасы, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алу үшін ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына шамамен 20 млрд теңге аударылды. Бұл қолдау 430 мыңнан астам баланы қамтып отыр, яғни жалпы алушылар санының шамамен 87%-ы көмекке ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылы көмек көлемі кеңейіп, 500 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлануда. Оның ішінде – жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары және атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе қиын жағдайға тап болған балалар бар.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда Астана мен Шымкент қалаларында қаражат толық аударылып, барлық отбасы көмек алған.

Келер жылы “Жалпыға бірдей білім беру” қорының жалпы қаржыландыру көлемі 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлемнің нақты мөлшері өңірлік бюджет пен мәслихат шешіміне байланысты анықталады, бірақ бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмайды.

Айта кетейік, 2023 жылдан бері бұл материалдық қолдау көлемі 2,5 есе өсіп, 17 мың теңгеден 46 мың теңгеге дейін жетті.

Еске салайық, бұған дейін ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинаған еді. Бұл туралы "КТК"телеарнасы мәлімдеді.

Екі баланың анасы Әлия Тұяқбаева мектеп формасы қымбаттағанына қапалы. Оның сөзінше, балалары оқитын мектептің әкімшілігі ата-аналарға форманы тек белгілі бір дүкеннен алуды міндеттеген. Бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Биыл ұлы мен қызын толық киіндіруге 130 мың теңгеден аса қаражат жұмсаған.

"Аяқ киім мен жейдені қоспағанда, екі балаға формаға 130 мың теңге жұмсадым. Ұл балаға жилет, шалбар, костюм, қыз балаға белдемше, сарафан және шалбар алдық. Мектеп басшылығы бәрін белгілі бір дүкеннен сатып алуды міндеттеді. Оқу жылының соңында жиналыс өткізіп, алдын ала дайындалу керек екенін айтты және кіреберістегі тақтаға келесі жылғы форма үлгісін іліп қойды. Менің ойымша, еркін стильдегі форма қажет емес, тек түсін белгілеу жеткілікті", - дейді ол.

Телеарна мәліметінше, Алматы дүкендерінде қыздарға арналған жейде мен ұлдарға арналған жейденің бағасы 5 мың теңгеден басталады. Ал толық жиынтық - костюм мен жейде немесе белдемше мен жейде ата-аналарға орта есеппен 35 мың теңгеге шығады екен.

Сатушылардың айтуынша, жыл сайын мектеп формасының құны шамамен 10-15 пайызға қымбаттайды. Кейбір ата-аналар мектеп формасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек деп санайды. Әрі баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екеніне сенімді. Сондықтан олар қол жинап жатыр. Әзірге петиция 156 ғана қол жинапты.

Қазір бірқатар жекеменшік мектеп өздерінің арнайы формасын енгізсе, мемлекеттік білім ордаларында ғана бірыңғай үлгі сақталып отыр. Алайда саудагерлердің айтуынша, бұл жағдай сатылымға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Өйткені форма міндетті болғандықтан, ата-аналар бәрібір сатып алуға мәжбүр.

Жауапты министрлік те әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюге тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, біркелкі киім үлгісі оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, балалардың назарын білім алуға аударады.


Рекомендовать
Последние новости