Мұндағы мақсат – бірлесе отырып, банк қызметі саласы бойынша білікті мамандарды тәжірибе арқылы даярлау. Сонымен қатар, алдағы уақытта оларды Банкке жұмысқа орналастырып, саланы кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету ойда бар.
«Отбасы банктің» диджитал дүниеге басқан қадамы көбейіп, клиенттерін күн өткен сайын қуантып келеді.
Бүгінгі студент – ертеңгі маман
Алдымен, «Отбасы банк» пен «Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми-зерттеу университеті» арасындағы келісімнен бастайық. Университетте оқып жатқан студент, магистрант, докторанттардың курстық және дипломдық жұмыстары мен ғылыми зерттеулерінің тақырыптарын бекіткен кезде ол процеске банк мүмкіндігі мен қажетіне қарай қатысады.
Әрі білім ордасы өткізетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен конференцияларды ұйымдастыруға Банк ат салысады. Сонымен қатар, студенттерді оқу тәжірибесінен өткізуге де Банк барынша септеседі.
Екі арадағы келісімнің келесі бір бағыты – Ғылыми зерттеу жобаларына тәлімгерлікті дамытып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғылым мен инновациялық өндірістің интеграциясына жәрдемдесу. Ал банк қызметкерлеріне бакалавриат, магистратура, MBA, EMBA, докторантура бағдарламалары бойынша оқу, білігін арттыруға мүмкіндік беріледі.
Айтқандай, Банк студенттер мен түлектердің оқу тәжірибесінен яки тағылымдамадан өтуіне жәрдемдеседі. Университеттің студентері, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарының бастамасы бойынша жүргізілетін зерттеу жұмыстарына ғылыми жетекші һәм кеңесші ретінде жол көрсетеді.
Бірлесе отырып іс-шаралар өткізу арқылы Университет пен Банк арасындағы байланысты нығайту көзделіп отыр.
Әрі Банктің Топ-менеджерлері шеберлік сағатын, тренингтер өткізіп, Университет студенттерімен кездесу ұйымдастырады деген жоспар бар. Тиісті теориялық базасы бар білікті мамандарды (бакалавриаттың жоғары курс студенттерін, магистранттарды және докторанттарды) дайындау үшін, оның ішінде Банктің оқу тәжірибесіне (өндірістік тәжірибесіне) қойылатын талаптарына сәйкес жағдай жасалуы басты шарттардың ішінде.
Одан бөлек, студенттердің теория түрінде алған білімін іс жүзінде қолдануға деген қызығушылығын арттыру керек.
Осылай бірлескен жұмыс нәтижесінде Банк пен Университет студенттерінің оқу тәжірибесі (өндірістік тәжірибе) мәселелері бойынша өзара іс-қимылдар әдемі үйлесім табатын болса керек.
Құнды тәжірибе берген тағылымдама
Қазіргі таңда университет студенттері Цифрлық трансформация департаментінде UI/UX дизайнер, .NET бағдарламалаушы, жүйелерді тестілеуші секілді бағыттар бойынша өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Жас мамандарға дизайн сызу, Банк клиенттерінің онлайн операцияларын бағдарламалау мен тестілеу бойынша нақты тапсырмалар берілген. Әрине, банктің тәжірибелі мамандары жетекшілік етіп, жол көрсетеді. Тағылымдамада студенттер болашақ IT-маманның бойынан табылуы керек кәсіби білік пен қасиеттерді қалыптастыру үшін білімі мен машығын ұштайды.
Мәселен, Computer Science факультетінің 3-курс студенті Әлихан Сәбитов Цифрлық трансформация департаментінде .net бағдарламалаушы болып тәжірибеден өтіп жатыр.
«Отбасы банкіндегі тағылымдама туралы әсерімді айтқым келіп отыр. Мен банктің .NET және .NET Core платформаларында банк жүйелерін бағдарламалаушы болып тағайындалдым. Келген сәттен бастап мені құшақ жая қарсы алды. Команда кәсіби білігі мол, өте тату екен. Менторларым мен әріптестерім үнемі қол ұшын созуға дайын тұратын. Банк ісі мен бағдарламалау саласының нағыз білгірлері болғандықтан, олардан үйренгенім көп болды. Әсіресе, қатты ұнағаны – банктің түрлі жүйелерінде жұмыс істеп көру. .NET және .NET Core платформаларына негізделген жүйелерді бағдарламалау, қолдау жұмыстары бойынша құнды тәжірибе алдым. Креатив пен сараптамалық машықты талап ететін кәдімгі тапсырмалар берілді. Барлығын сондай ыждағатпен орындадым.
Банк мамандары маған жан-жақты қолдау білдіріп, бастан-аяқ көмектесті. Кері байланыс жүйесі жақсы ойластырылған екен.
Әлдебір көмек керек болса, қысылмай сұрап, дереу жауап алып отырдым. Идеяларым мен ұсыныстарымды да аяқ-асты қалдырмайтын. Сол арқылы өзімнің әжептәуір үлес қосып жатқанымды сезетінмін. Одан бөлек, Отбасы банктің заманауи технологияларды қолдану және инновацияларды енгізуді басты назарда ұстайтынын естіп, қуанып қалдым. Тәжірибе кезінде жұмысым .NET және .NET Core платформаларымен жұмыстың артықшылығын байқауға көмектесті. Банктің технологиялық даму жолында алдыңғы қатарда болғысы келетініне көз жеткіздім.
Жалпы алғанда Отбасы банктегі оқу тәжірибем көңілімнен толықтай шықты.
Бұл – сөзсіз, құнды тәжірибе. Бағдарламалық, аналитикалық қабілеттерімді арттырдым, команданың мүшесі екенімді сезіндім. Отбасы банкке осынау мүмкіндік бергеніне ризамын. Кәсіби өсу, дамуға арналған бірден-бір жер деп осы компанияны ұсынар едім» дейді Әлихан әсерін бөлісіп.
Онлайн-операцияның оңтайлы тұсы
IT-сектор жұмысының қорытындысына қарасақ, «Отбасы банк» біраз процесті автоматтандырғанын байқауға болады. Айталық, қазір барлық операцияның 83,2 пайызын клиенттер қашықтан істейді екен. Әрі мұндағы қашықтағы арналар үлесі жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінгі таңда банк операцияларының 76,6 пайызы интернет-банкинг пен видео-банкингке тиесілі. Келесі 6,6 пайызы – агент желісінде. Бұл – 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы ғана деректер. Былтыр қашықтағы арналар үлесі 81,9 пайыз болған еді. Ал 2021 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 67,1 пайызға тең болған. Биылғы алты айдың өзінде «Отбасы банк» клиенттері бөлімшеге келместен, 1 миллионнан астам операция жасаған. Олардың бәрі интернет-банкинг, видео-банкинг немесе агент желісінің қызметіне жүгінген. Банк клиенттері арасында танымалдық бойынша бірінші орында «Otbasy bank» мобильді қосымшасы тұр. Биыл клиенттерге қолайлы болуы үшін қолданба функционалы жаңа әрі пайдалы опциялармен толықтырылған екен.
«Дипломмен – ауылға» дүркірей түспек
Сонымен қатар, биыл «Отбасы банк» «Дипломмен – ауылға» жобасын диджитал форматқа ауыстырды. 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап, «Отбасы банк» аталған жобаның сенімді агенті болып бекітілген еді. Жоба аясында үй алуға немесе салуға несие беру, көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған.
Енді азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдауды алу мерзімін жеделдету үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардың жаңа өтінімдері otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн түрде қабылданады.
Адамдардың бөлімшеге барып жүрмей-ақ қызметтерді алуына Отбасы банктің мемлекеттік мәліметтер базасымен интеграциялануы мен Вlockchain технологиясын қолдануы сеп болды. «Дипломмен – ауылға» жобасына қатысу үшін otbasybank.kz порталына тіркеліп, өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Бұл бағдарламаға кез келген жастағы қазақстандық қатыса алады. Ауылға енді көшіп келген не бұрыннан бері тұратын, сол жақта бірқатар мамандық бойынша жұмыс істеп жатқан болуға тиіс. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені мамандары, ауылдық округтер әкімшіліктерінде істейтін мемлекеттік қызметшілер (әкімдер мен әкім орынбасарларын қоспағанда) қатыса алады.