Жаңа Конституция: Назарбаевтың тарихи рөліне қатысты атышулы бап алынып тасталды

Dalanews 04 мая 2022 14:41 950

Ата заңның жаңа нұсқасынан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлі жөніндегі атышулы бап алынып тасталды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали мәлім етті.

"Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы Конституциялық Кеңеске жаңа Конституция жобасынан бірінші Президенттің тарихи ролі жөніндегі бапты алып тастау жөнінде ұсыныс енгізген еді.

Конституциялық Кеңес бұл уәжбен келісті.

Жаңа Конституцияның жобасынан бірінші Президенттің тарихи рөлі жөніндегі бап алынып тасталды.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың талабын ескеріп отыр", – деді Берік Әбдіғали.

Айта кетелік бұған дейін Қазақстан Конституциясын өзгерту бойынша жұмыс тобы Ата заңға елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген статуспен енгізуді ұсынған. Бұл туралы жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасылов мәлімдеген болатын.

"Жұмыс тобы бұл статусты Конституцияда көрсетуді ұйғарды. Яғни, Қазақстанның бірінші президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Осы статус бекітіледі", – деген еді ол.

Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан сынға ұшырап, халық Назарбаевтың аты Ата заңға енуіне қарсы шыққан.

– Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы емес, Қазақстан Совет одағының ыдырауынан құрылды, – деген еді осы мәселеге орай пікір білдірген ақын Олжас Сүлейменов.

Рекомендовать
Последние новости