Жаңа адамдар танымал букмекер кеңсесіне қарсы шықты

Қаракөз Амантай 14 мар. 2024 20:29 1927

“Жаңа адамдар” жастар қозғалысы лудоманияға қарсы акция бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Zhanaadamdarnews telegram арнасы қазақстандықтардың құмар ойындарына өз денсаулығына қарағанда екі есе көп қаржы жұмсайтынын айтады.

"Небәрі соңғы үш айдың ішінде Қазақстан азаматтары жүз миллиардқа жуық теңгеге ұтылып қалған. Соңғы бірнеше жылда елімізде құмар ойындар нарығы үш есеге дейін өсіп,  қоғамның басты әлеуметтік ауруларының бірі лудомания кең етек жайып жатыр. Лудомания отбасыларды бұзады, халықты перманентті экономикалық және тұлғалық кризиске ұшыратып, басқа да тәуелділік түрлеріне, атап айтқанда, маскүнемдік, есірткіге тәуелділік, селфхарманы қоздырып, өзін-өзі өлтіруге дейін алып келеді", - дейді арна. 

Олардың айтуынша, көп адам оңай жолмен байып кетуді көздейді. 

"Сондағысы, "сәтті түседі" деген бір ойын. Букмекерлер халықтың осы қалауын өз мақсатына пайдалануға тырысады. Яғни, тез ұтыс және сансыз ақша уәделерімен өзіне тартады, ұтыс тігудің зияндарын айтпай, тек әлеуетті артықшылықтарын алға тартады. Бұл — әділетсіздік. Жай ғана алдау.

Жаңа адамдардың “Ставки на стоп” жобасы Астанадағы танымал букмекер кеңсесінің жарнамалық баннерін құмар ойындарының барлық көрінісін ашатын өздерінің “шындық баннерімен” жауып тастады. Статистика бойынша, құмар ойынға тәуелді адамдардың 40%-ы отбасынан айырылса, 20%-ы түрлі қылмыстар жасауға барады. Әдеттегі құмар ойыншының орта есеппен қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Букмекер кеңселерінің шынайы жарнамасы осылай болу керек",- дейді олар. 

Осы тұста жаңа адамдар белсендісі Ғарифоллаев Мейіржан көпшілікті оңай олжаға кенелемін деп, букмекерлік кеңселердің арбауына түсіп қалмауға шақырды.

“Қазір елімізде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу туралы заң талқыланып жатқанын білеміз. Осы алдаумен бар күшімізбен күресіп, адамдарды бұл қауіпті тәуелділіктен алып шығу маңызды. Бір нәрсені түсінуіміз керек: букмекерлік кеңселердің қулығына түсіп қалмау үшін тез әрі оңай жолмен келетін ақшаға сенуді тоқтату керек. Байлыққа жетудің оңай жолы жоқ. Біздің өзіндік шығармашылығымыз, еңбексүйгіштік пен прагматизм — міне нағыз байлыққа жету жолдары. Шындыққа тура қарай білейік. Букмекерлердің құрығына түспеудің жалғыз жолы — оңай шешімдерге сенуді тоқтату”, - дейді белсенді.


Рекомендовать
Последние новости