Жалпыұлттық бірегейліктің берік негізі – Мәулен Әшімбаев «Тоқаев моделі» туралы

Ақтоты Жапатова 20 июн. 2025 10:06

Қазіргі таңда Қазақстан өзінің тарихи дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл кезең тек саяси реформалармен ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана мен бірегейлікке жаңа көзқараспен ерекшеленеді. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мəулен Әшімбаев авторлық мақаласында «Тоқаев моделі» туралы айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мәулен Әшімбаев өз мақаласында бұған дейінгі ұлт қалыптастыру процесі көбіне формалды сипатта болғанын атап өтеді. БАҚ-тағы науқандық насихаттармен шектелген мұндай тәсілдер қоғамды ұзақ мерзімді перспективада біріктіруге қауқарсыз еді. Ал "Тоқаев моделі" бұл процесті проактивті қызметке айналдырып, мемлекет пен қоғамның өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

"Тоқаев моделі" бір ғана ұлтты ассимиляциялау емес, әртүрлі мәдениет өкілдерін ортақ құндылықтар негізінде біріктіру идеясын алға тартады. Бұл модель — бұрынғыдай механикалық емес, қорытпа тәрізді: түрлі элементтердің сапалы трансформациясынан пайда болған жаңа құндылықтар жүйесі. Оның өзегінде қазақы мәдени код жатыр. Бұл код — ұлттық ерекшелікті сақтап, заманауи қоғаммен үндесудің тиімді жолы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "барша азамат өздерін үлкен қазақ отбасының мүшесі ретінде сезінуі керек" деген пікірі осы идеяның түп қазығы саналады. Мұндағы мақсат — этникалық тегіне қарамастан, Қазақстан азаматтарын біртұтас, бірыңғай мәдени-азаматтық өрісте топтастыру.

Мәулен Әшімбаевтың пайымынша, бұл модельдің тағы бір маңызды тұсы — прагматизм мен нәтижеге бағытталуы. Жаңа Қазақстанда символикалық шешімдер мен ұзақмерзімді декларациялардан гөрі нақты іс-шаралар мен жобалар алдыңғы орынға шықты. Бұл — ЛРТ жобасының қайта жандануы сияқты нақты мысалдармен дәлелденуде.

Бұған қоса, креативті индустрияны дамыту — жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызды құралдардың бірі. Қазақ музыкасы, киносы, сән мен гастрономия салаларының жетістіктері арқылы жаңа заман жастары үшін ұлттық элементтер трендке айналып келеді. Бұл — "жұмсақ күш" (soft power) құралдары арқылы ұлттық ренессансқа жетудің жолы.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған модельдің табысты жүзеге асуы үшін ең басты шарт — ашық диалог пен сенім. "Біз сандармен емес, халықтың сенімі үшін күресеміз" деген ұстаным дәл осы парадигмаға сай келеді. Ұлттық құрылтай институтының құрылуы да осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

Мақала соңында Мәулен Әшімбаев ұлттық жаңғырудың 2050 жылдарға дейін созылатын көмескі мақсат емес екенін, оны орта мерзімде жүзеге асыруға болатынын атап өтеді. Ол үшін қоғам өзін бір отбасының мүшесі ретінде сезініп, ортақ құндылықтарға сүйенуі қажет.

"Тоқаев моделі" — бұл тек басқару стилі емес, ұлттық рухты жаңғыртудың, елдің болашағына сеніммен қараудың және прагматизм мен мәдени үндестікке негізделген тұрақты дамудың жолы.


Рекомендовать
Последние новости