"Бәйтерек" холдингі 2025 жылдың соңына дейін Ұлттық қорға 23 млрд теңге қайтарады

Кәмшат Тілеухан 19 июн. 2025 12:33

Сенат депутаты Сергей Карплюк Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігіне күмән келтірді. Ол Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мақсаттарға жұмсалуына, сондай-ақ ақшаның игерілмеу фактілеріне назар аудартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ұлттық қор қаражатын пайдалану тиімділігі әрдайым көптеген сұрақтар тудырады. Ұзақ уақыт бойы игерілмеген қаражаттарды уақтылы қайтару мәселесі шешілмей келеді. Жаңа Бюджет кодексінде бөлінген нысаналы трансферттің пайдаланылмаған қаражаты міндетті түрде Ұлттық қорға қайтарылатыны айтылады. Ұлттық қордан квазимемлекеттік секторға берілген заемдарды не істеу керек, оларды қайтару мерзімі әлі туындаған жоқ, бірақ оны түпкілікті қарыз алушыларына қайтарып тастаған. Бұл қаражат квазимемлекеттік сектордың шоттарында жатыр әрі оларды экономикалық айналымға тарту да мүмкін емес", – деді ол.

Оның айтуынша, 2014-2019 жылдар аралығында "Бәйтерек" холдингі бағалы қағаздар заемы арқылы 30 жылға Ұлттық қордан қаражат тартқан. Бұл қаражаттың бір бөлігі 2034 жылы қайтарылуы тиіс деп Қазақстан даму банкіне бағытталды. 2024 жылы қарыз алушылар 20,6 млрд теңгені өтеп үлгерді.

"Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әлдеқашан аяқталған, бірақ осы бағытта берілген қаражаттарды пайдаланудың нысаналы мақсаты жоқ, яғни оларды қайта пайдалануға болмайды. Мұндай қаражатты қайтару механизмі де жоқ, бұл шоттарда қалдықтардың пайда болуына әкеліп соқты. Бұл Қазақстан даму банкіне тікелей қатысты. Болашақта бұл сома тек арта береді. Ұлттық қорға заемдарды пайдаланудан осындай қаражатты қайтару және оны есепке алу тетігі пысықталуда ма?"- деп сұрады сенатор.

Бұл ретте Қаржы министрі Мәди Такиев Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге сомаға бағалы қағаздар түрінде заем ақша бөлінгенін, оның ішінде "Бәйтерекке" 963 млрд теңге бұйырғанын жеткізіп, цифрларды нақтылады.

"Осы соманың 453 млрд теңгесі өтелді, қалғаны – 3,1 трлн теңге. Облигациялық заемдар бойынша негізгі өтеу мерзімі 2034 жылдан бастап туындайды деп болжанады. Бірақ алдын-ала төлем жасалатын кездер болады. Ондай тетік әзір, өткен жылы біз мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына өзгерістер енгіздік, сөйтіп осындай сипаттағы қаражатты қайта пайдалануға тыйым салдық. Жаңа Бюджет кодексінде де біз Ұлттық қордың қаражатын депозитке салуға және басқа да мақсатқа пайдалануға болмайтындығы туралы нормаларды енгіздік. "Бәйтерекке" келетін болсақ, бізде арнайы кесте бар, ол бойынша 2025 жылдың желтоқсан айына дейін шамамен 23 млрд теңге Ұлттық қорға қайтарылады", – деп атап өтті Қаржы министрі.

Бұған дейін Павлодар облысында Ұлттық қордан бөлінген ақшаны оңды-солды шашқан экс-шенеуніктің сотталғанын хабарлағанбыз.  Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости