Қазақстандықтардың жеке дерегінің тарауына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қаракөз Амантай 19 июн. 2025 17:49

Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтері таралғаны жөнінде ақпарат тараған соң, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бас прокуратура KazTAG редакциясына растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстандықтардың жеке деректерінің тарауына байланысты Қылмыстық кодекстің 147-бабы аясында іс тіркелді. Тергеу ісі Ішкі істер министрлігіне тапсырылды”, – деп мәлім етті Бас прокуратура.

Бұған дейін

Айта кетейік, 17 маусым күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарады деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлаған еді.

Бұл көрсеткіш ел халқының басым бөлігін қамтиды. Тарап кеткен деректерде тұрғындардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен жайы, телефон нөмірлері (ұялы, үй және жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және басқа мәліметтер кездеседі.

Мамандардың айтуынша, бұл деректер қалай таралғаны әзірге белгісіз. Бұрын жарияланған мәліметтерді жинақтау арқылы пайда болуы немесе бұл мүлде жаңа оқиға болуы мүмкін. Кейбір деректер жабық Telegram арналар арқылы сатылып кетуі де ғажап емес.

Ал министрлік мәліметінше, азаматтардың жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат тексеріліп жатыр.

"Барлық бейінді ведомство мен қызметтер жұмылдырылды. Жан-жақты тексеріс жүргізіліп, соның ішінде деректердің өзектілігі тексеріліп жатыр. Бастапқы талдау жұмыстары деректердің көпшілігі ескіргенін көрсетті", - деді министрлік өкілі.

Министрлік мәлімдемесі

Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке дерегі тарап кетсе, eGov-тан хабарлама келетінін жеткізді.

"Алғашқы талдау жұмыстары бұл деректер мемлекеттік емес, жекеменшік жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік жүйелерден жеке деректер тараған жоқ, хакерлік шабуылдар салдарынан ақау да тіркелген жоқ", - деді министрлік өкілдері.

Ведомство мәліметінше, тексеріс толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте.

"Азаматтың жеке деректері тарап кеткен мәліметтер арасында болса, бұл туралы электрон үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады", - деп жазылған мәліметте.


Рекомендовать
Последние новости