Алматы қаласының №2 Медеу аудандық соты экс-судья Светлана Жолмановаға үкім шығарды. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алаяқтық ісі
Тергеу материалдарына сүйенсек, Светлана Жолманова азаматтарды жылжымайтын мүлік сатып алуға және жалған тендерлерге қатыстыруға уәде беріп, оларды алдап келген. Осылайша, ол 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны иемденген.
Онымен бірге айыпталушылар қатарында Данияр Құшалиев те бар. Тергеу олардың бұл әрекетті алдын ала келісіп, бірлесіп жасағанын айтады. Іс бойынша 48 эпизод қаралған, ондаған жәбірленуші сотқа арызданған. Жолманова жәбірленушілерге өзінің судьялық тәжірибесі мен беделін алға тартып, ақша беруге сендірген.
Істің хронологиясы
2021 жылғы 28 сәуірде сол кездегі Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікпен тергеуге алынған болатын. Оның қызметтік кабинетінде жүргізілген тінту барысында 10 мың доллар тәркіленген. Ол бұл ақшаны ипотека рәсімдеуге жинағанын айтқан.
2022 жылы Жолманова қылмыстық істің тоқтатылғанын алға тартып, қызметіне қайта оралуға әрекет жасаған. Алайда 2023 жылғы 12 мамырда ол ресми түрде судья лауазымынан босатылды. Енді бұл іс қайта қозғалып, нақты үкім шықты.