Жалпақсайда 10 жасар баланы өлімші етіп қапқан иттердің иесі мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 02 июл. 2025 18:02

Алматы облысында 10 жасар баланы ит талап тастаған оқиғаға қатысты екінші тараптың пікірі белгілі болды. Иттердің иесі, оңалту орталығының директоры Алмаз Халиев жағдайдың басқаша өрбігенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Халиевтің сөзінше, орталықтың жанында ойнап жүрген екі бала қоршауға шығып, ауладағы иттерді ызаландырған. Иттер орталық аумағында еркін жүрген екі бес айлық күшіктер екен. Ал ересек иттер жабық вольерде болған.

«Балалар қоршаудың үстіне шығып алып, иттерді ашуландырған. Бір сәтте балалардың бірі екіншісін аула ішіне итеріп жіберген. Бізде мұның бәрі бейнежазбада бар. Бала аулаға құлап, айқайлаған соң, екіншісі көмек шақыру үшін жүгіріп кеткен», – дейді ол.

Орталық басшысының айтуынша, балаға шабуылдаған – әлгі екі күшік болған. Оның сөзінше, олар қақпадан өз беттерімен шыға алмаған. Балаға көмекке келген азамат қақпаны өзі ашып, ішке кірген көрінеді.

«Әлгі адам баланы құтқару үшін ішке кіргенін түсінемін. Бірақ ол мүлде зияны жоқ екі күшікті пышақтап тастаған. Енді оларды «сыртқа шығып, баланы қуып жетіп талады» деп жатыр. Олардың психикасы әлі толық қалыптаспаған, агрессиясы жоқ. Аумақтан сыртқа шығуы мүмкін емес. Бәрі іште болған», – деп түсіндіреді Халиев.

Ол иттердің орталық аумағында өмір сүретінін және белгілі бір дәрежеде күзет қызметін атқаратынын мойындайды. Халиев жануарларды ұстау талаптары толық сақталғанын және қоршауда бес жылдан бері «Абайлаңыз, қабаған иттер!» деген ескерту тақтайшасы ілініп тұрғанын жеткізді.

Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.

Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген. 

Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр.

Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.

Бұған дейін Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы туралы айтқан еді. 

Сонымен қатар, істі прокуратура бақылауына алды


Рекомендовать
Последние новости