Алматы облысының прокуратурасы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында балаға иттер шабуыл жасаған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Прокуратураның алдын ала мәліметтеріне сәйкес шабуыл жасаған иттер адамдарды әртүрлі тәуелділіктерден емдейтін жекеменшік оңалту орталығының аумағында ұсталған.
"Тергеу аясында оңалту орталығының үй жануарларын ұстау ережелерін сақтауына құқықтық баға беріледі. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады. Істің тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.
Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.
Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр.
Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.