«Жалған құжатпен субсидия алады». Депутат ащы шындықты жайып салды

Dalanews 09 дек. 2021 08:45 958

«Nur Otan» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесінің тиімділігін арттыру, ауылдарды шағын несиемен қамтамасыз ету және партияның сайлауалды бағдарламасындағы ауыл шаруашылығы саласына қатысты көрсеткіштердің орындалу барысы талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың айтуынша, мемлекет жыл сайын ауыл шаруашылығын дамыту үшін субсидия түрінде 300 млрд теңгеден астам қаражат бөледі.

Алайда аграршылар мен фермерлер үнемі қаражаттың жеткіліксіздігі мен оны бөлу кезіндегі тиімсіздікке шағымдануда.

– Іс жүзінде субсидияларды агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің белгілі бір тобы ғана алады. Ал кейде бұған пестицидтер, тұқымдар және тағы сол сияқты өнімдер сатып алынды деген жалған құжаттармен де қол жеткізеді.


Қаражатты шаруа қожалықтарының 4-6% ғана алады, ал олардың өзі көп жағдайда өнімділікті арттыруға құлықты емес. Бұл ретте халық азық-түлік бағасының өсуіне байланысты мұндай субъектілердің тиімсіз жұмысына қосымша ақша төлеуге мәжбүр, – деді Берік Оспанов.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізген кешенді талдау қорытындысы бойынша отандық және импортталған асыл тұқымды малды сатып алу, селекциялық жұмысты жүргізу және бордақылау алаңдарын субсидиялауда көп жөнсіздіктер орын алатынын айтты.

– Бүгінде салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік органдардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері кірген жұмыс тобы субсидиялау тетіктерін оңайлату мен түрлерін оңтайландыруды, ауыл шаруашылығын өндірудің барлық субъектілері үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін субсидиялар бөлу жүйесін қайта қарау бойынша шаралар әзірлеуде. Субсидиялау жүйесі өлшенетін индикаторларды, ашықтыққа басымдық беруді ескере отырып, пысықталатын болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар арасында жауапкершілік «шегін» бөлу мәселелері қарастырылуда. Барлық тәсілдер жұртшылықпен, қауымдастықтармен, одақтармен және агробизнес саласымен кеңінен талқыланады, – деп атап өтті Рүстем Құрманов.

Вице-министр 2022 жылы субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі енгізілетінін, бұл мемлекеттік қызметті алу үшін ақысыз субсидия алу мәселесін шешуге, барлық субсидияларды бір жүйе базасында беруді қамтамасыз етуге және қаражатты әділ бөлу үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.

Кеңес төрағасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес дайындау қажеттігін еске салды.

Атап айтқанда, ұлттық жоба нарықтың қантпен қамтамасыз етілу көрсеткішін төмендетті, 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игеру көрсеткіші енгізілмеген.

Сондай-ақ, Кеңес мүшелері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін халыққа несие беру бойынша министрліктің жұмысын қарады.

Вице-министрдің айтуынша, 8 мың азаматқа өз бизнесін ашу үшін шағын несие беру бойынша жоспарлы көрсеткішке жыл соңына дейін қол жеткізіледі.


Сонымен қатар, Кеңес мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша 2021 жылға арналған Жол картасының ауыл шаруашылығы өнімдерінің агроөнеркәсіп кешені өнімдері экспортының көлемін 1,3 есеге арттыру және ішкі нарықты өз өндірісінің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша бірқатар көрсеткіштердің орындалмай қалу қаупі бар екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы өндірісін ұлғайту және дайын өнім шығару үшін субсидияларды түпкілікті нәтижеге қайта бағдарлау, сондай-ақ Жол картасының барлық тармақтарын мерзімінде орындау бойынша шаралар әзірлеу ұсынылды.

Рекомендовать
Последние новости