Жалақыға дейін берілетін заемдар МҚҰ-ларды аста-төк табысқа кеңелтуде

Кәмшат Тілеухан 02 июл. 2025 15:05

2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстанның микроқаржы ұйымдары 30,4 млрд теңге табыс тапты, бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артық көрсеткіш. Бұған Ұлттық Банк алға тартқан деректері дәлел бола алады. Мәселен, таза пайда мөлшері бойынша "Займер" брендімен танымал "Робокэш" МҚҰ көш бастап тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бір жыл ішінде табысын 74,8%-ға ұлғайтып, 4,8 млрд теңге тапқан. Компания онлайн-несиелеуге және "жалақыға дейінгі шағын несиелер" беруге маманданған.

"Қазақстанда 2025 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы ең табысты 10 МҚҰ-ның бесеуі де онлайн-несиелеуге бағыт-бағдар алғандар. Айта кету керек, өткен жылдың тамыз айында жалақыға дейінгі заемдар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) ең жоғары шегін 179% деңгейінде шектеу онлайн-несиелеумен айналысатын компаниялардың табатын пайдасына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Әсіресе, осы шекті мөлшерлемелер белгіленгенге дейін жалақыға дейінгі заемдар бойынша ЖТСМ мөлшерлемесі 2600%-дан да асуы мүмкін екенін ескерсек", деп бұл статистикаға Finprom түсініктеме келтіреді.

Екінші орында автонесиелеу саласындағы "Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан" МҚҰ тұр. Оның таза пайдасы 61,4% -ға, яғни 3 млрд теңгеге дейін өсті. Үздік ондыққа автонесиелеу саласынан "Шинхан Финанс" (1,2 млрд теңге) МҚҰ-да ілінген.  

Сонымен қатар, үздік ондық қатарында жекелей клиенттермен де, бизнеспен де жұмыс істейтін "әмбебап" МҚҰ-лар да бар: KMF (2,4 млрд теңге), Tas Finance Group (1,5 млрд теңге) және "Арнур Кредит" (917 млн теңге).

2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Қазақстанда 213 МҚҰ тіркелген, оның ішінде 143 компания І-тоқсанның қорытындысы бойынша таза пайдаға кеңелген.  10 МҚҰ нөлдік қаржылық нәтиже көрсетті. Бірден 60 ұйым шығынға ұшыраған.

Бұған дейін заңсыз әрі жоғары пайызбен несие берген "Жылдам ақша" микроқаржы ұйымы тексеріліп жатқанын жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости