Ыстамбұлда әл-Фараби үйі ашылды

Dalanews 06 авг. 2019 05:40 897

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда Әл-Фараби музей-үйін ашты.

Жобаны ҚазҰУ Ыстамбұл қалалық әкімдігімен бірлесе отырып, Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және Түркиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.



Іс-шараның салтанатты ашылуына Стамбул қаласы әкімінің орынбасары Шенгүл Арслан, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Стамбул университетінің ректоры Махмұд Ак, Түркияның ҚР Елшілігінің және Стамбул қаласындағы ҚР Бас Консулдығының өкілдері, Еуропадағы қазақ диаспорасы, БАҚ және қоғам өкілдері қатысты.

Әл-Фарабидің этнографиялық мұражай-үйінің ашылуы 2020 жылы ЮНЕСКО қолдауымен кең көлемде халықаралық деңгейде аталып өтілетін Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналып отыр.


Әл-Фараби музей-үйі - әлемнің туристік орталықтарының бірі - Ыстамбұл шаһарының дәл ортасындағы Түркі Әлемі этнографиялық мұражай-кешенінде орналасқан.



Музей-үй бірнеше бөлімнен тұрады, мұнда Аристотельден кейін адамзаттың Екінші ұстазы атанған ұлы түркі ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірінен алынған деректер мен құнды тарихи мәліметтер берілген. Сонымен қатар, мүсіндік композициялар, тарихи жәдігерлер, ғалымның еңбектері және адамзат ілімінің бірнеше саласына орасан зор үлес қосқан ойшыл туралы материалдар көрініс тапқан.

Әл-Фарабидің мұрасы: математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, әдеп сынды ғылымның барлық дерлік салаларын қамтиды.


Оның ғылымды жүйелеп жіктеуі әлемдік ғылыми ойдың одан ары дамуына өз әсерін тигізді. Әл-Фарабидің шығармашылық қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің ренессансына сәйкес келіп, оның еңбектері Батыс пен Шығысты байланыстыратын рухани көпірге айналды.

Қазіргі уақытта өркениеттер қақтығысы шиеленісіп, әлемде деструктивті бағыттағы ұйымдар әрекеттері адамзат өркениетінің дамуына кері әсерін тигізуде. Технологияның қарқындап дамып, мәдени-рухани құндылықтардың әлсіреп, жұтаңдану қаупі бар жаһандану заманында Ұлы ойшылдың дүниетанымы, оның өркениет жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық, саяси, философиялық, көзқарастары қоғамымыз үшін өте өзекті болып отыр.



«Түркияда Әл-Фараби үйінің ашылуы, адамзат өркениетінде баға жетпес рөл атқарған Ұлы даланың Ұлы тұлғасының шығармашылық мұрасы арқылы түркі мен қазақ мәдениеті жауһарларын әлемге паш етуге арналған ірі тарихи жасампаз жоба ретінде болашаққа қызмет атқаратын болады», - деді салтанатты шарада ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Музей-үйімен жақын танысу үшін көрермендерге арнайы қызықты экскурсиялық бағдарлама әзірленіп, ал, түрік оқушылары үшін мұражай базасында арнайы оқыту-танымдық курсы дайындалған. Әл-Фарабидің есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық университеті, оның шығармашылық мұрасын зерттеп жариялауда, сонымен қатар, әлемдік деңгейде Қазақстан мәдениеті мен Ұлы Даланың жетістіктерін насихаттауда белсенді жұмыс атқарып келеді. Әл-Фарабидің ізгілік қоғамы идеясы негізінде ҚазҰУ инновациялық-технологиялық тұғырнамамен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделін жасады.



Бұл жобаны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде таныстырып, осы ұйымның қолдауымен оны халықаралық деңгейде жүзеге асыру ұсынылды. Қазақ Ұлттық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыруда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа елдердің жетекші университеттерінде Әл-Фарабидің ғылыми-білім беру орталықтарын ашып, табысты жұмыс атқаруда, онда қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі насихатталып, қазақ тілі оқытылуда.

Рекомендовать
Последние новости