"Іс жылы жабылып қалды". Ақтөбеде 16 адам жасөспірімді ұрып, тонап кеткен

Сағыныш Сардарова 23 мая 2025 11:28

Ақтөбеде 16 адам жасөспірімді ұрып, тонап кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Седьмой канал" мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім соққыға жығылған.
"Баламды студенттер мен жоғары сынып оқушылары жабылып ұрған", - дейді жәбірленушінің анасы.
Оқиға былтыр болған. Бұдан кейін екі жігіт "Тонау" бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандары бұзақы ретінде тергелгенімен, ешқандай жаза берілмеген. Сөйтіп, іс жылы жабылған. Ол аздай "бала әлі күнге дейін солардан қысым көріп жүр" дейді анасы. Әйел төбелестен ауыр жарақат алған баласын толық медициналық көмекпен қамти алмай отыр.
 
Алға қаласының тұрғыны Өтебике Құрсаубаева жарты жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Оның 17 жастағы ұлы былтыр қарашада соққыға жығылып, екі апта ауруханада жатқан. Анасының айтуынша, оны 16 адам жабылып ұрған. Онымен қоймай, телефонының паролін айтуға мәжбүрлеп, банк картасынан өз шотына ақша аударып алған. Бұл істен кейін екі адам шартты түрде сотталған. Қалған 14-іне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған.
"Неге екенін ешкім түсіндірмейді", - дейді жәбірленуші әйел.

Өтебике Құрсаубаеваның өзі II топтағы мүгедек, эпилепсиямен ауырады. Бұрын ұстама кезінде оған баласы көмектесіп жүрген. "Енді баламды дәрігерге апарған сайын 20 мың теңге тастап кетемін", - дейді ол.

Ал полиция қалған күдіктілерге қатысты істің "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатқан.

"2024 жылы қарашада Алға аудандық полиция бөлімі қарақшылық бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Тергеу біткеннен кейін сотқа жүгінді. Екі күдікті бас бостандығын шектеу бойынша сотталды. Тергеу барысында бірнеше күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ олардың тарапынан қылмыс құрамы болмағандықтан, іс қысқартылды", - деді ПД өкілі.


Рекомендовать
Последние новости