Ірі жер иеленушілері туралы ақпаратты жарияласақ, сотталып кетеміз – А.Мырзахметов

Dalanews 12 июл. 2016 04:50 927

Қызылорда облысында өткен жер комиссиясының кезекті отырысында ірі жер иеленушілері туралы ақпаратты ашық жариялау мәселесі көтерілген болатын. Олар кадастрлық тізімде бар. Бірақ аты-жөндері көрсетілмеген. Астанада болған комиссияның соңғы отырысында аталған мәселе қайтадан көтерілді. Осыған қатысты журналистерге сұхбат берген комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Айта кеткен жөн, Қызылорда облысында өткен отырыс барысында да А.Мырзахметов үндемей қалмады. Оның айтуынша, бүгінде заң жағынан бір қиындық бар. Қазіргі заңнамаға сәйкес, ірі жер иеленушілері туралы ақпарат құпия мәліметтерге жатады. Журналистерге сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов сол заңның «тосқауылын» тағы бір мәрте еске салып:
– Қазір біз ол тізімді жариялайтын болсақ, онда сол жарияланған адамдар бізді сотқа беруі мүмкін. Өйткені біз олардың құқығын заң жүзінде бұзған боламыз, яғни заңды да ескеру керек. Ал оны жариялау үшін олардың келісімі болуы керек. Ол жөнінен біз қазір барлық ірі жер пайдаланушыларына осындай мәселенің, сұрақтың туындап отырғанын, осыған байланысты сол олардың келісімін алу жөнінде арнайы ресми хаттарының бәрі жолданды. Келісімі барлары бойынша, онда оны жариялауға болады. Ал егер келісім жоқ болатын болса, бүгінгі таңда ол заңға қарама-қайшылық болады, – деп атап көрсетті.

Ал тілшілерге «Демек, заңға өзгеріс енгізу керек дейсіз ғой?» деген сауалына: «Жоқ, енді бұл бөлек әңгіме ғой...», – деп қысқа ғана жауап берді.

Осыдан үш апта бұрын Алматы облысында өткен комиссия отырысында осы мәселені экономист ғалым, профессор Кенжеғали Сағадиев те көтерген.
– Әй, осы 1,3 млн. гектарды саттық. Кімге саттық? Кімдер олар? Қанша жерлері бар? Олар не істеп жатыр? Қайда тұрады? Осы туралы бір ақпарат бар ма? Жоқ па? Егер осының барлығы дұрыс болса, ары қарай сатуға болады. Ал егер бұның ішінде көптеген бұрмалаушылықтар болса, онда жабылу қазан жабулы, жерді сатпай, ең кемі, мараторийді 10 жылға ұзартып жіберу керек, – деді К.Сағадиев.

Рекомендовать
Последние новости