Қайрат Келімбетовтің ұлы АҚШ-та, қызы Швейцарияда тұратын болып шықты

Dalanews 12 июл. 2016 08:29 991

Еліміздің бас банкирі қызметін атқарып жүрген кезінде талай сынға ұшыраса да, жымиып қана құтылған Ұлттық банктің экс-төрағасы Қайрат Келімбетовтің бұл әдеті бұрыннан бар болып шықты. Қайрат Нематұлы бала күнінен анекдоттың майын тамызып айтып, талай туыстарын күлкіге қарық қылып жүрген. Бұл туралы экс-төрағаның туыстары айтып берді. Бүгінде олар бұрынғы банкирдің атасының атына берілген көшеде тұрады, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы Қошқар ата ауылында Келімбет көшесі бар. Ол көшенің басында Келімбетовтер әулетінің қара шаңырағы орналасқан.

dalanews kairat_kelimbetov01Бүгінде онда экс-төрағаның әкесі Немат Келімбетұлының інісі Ілес ақсақал отбасымен тұрады. Жары Ырықсы екеуі бұрынғы банкирдің балалық шағы осы үйде өткенін айтты. Яғни, Алматыда тұратын Қайрат жыл сайын жазғы демалыста ауылдың топырағына аунап, күніне күйіп өскен.

– Қайрат біздің қолда өскен бала ғой. Ағасы Мұхит екеуі жыл сайын жазда біздің үйге келетін. Күн ұзақ далада ойнап, доп теуіп, кешқұрым өзім шомылдыратынмын. Қайрат қолдың нанын сүйсініп жейтін, – деп әңгімесін бастады Ырықсы апа.

Сонымен қатар Қайрат Нематұлы әзілге өте жақын болып өскен бала болған екен.

– Кішкентай ғана томпақ қара бала Қайрат өте көңілді жүретін. Анекдот айтқанда аузың аңқиып қалады. Әсіресе қытай мен жапондықтар туралы анекдоттары кез келген адамды күлдіріп жіберетін. Қырсыққанда есіме ешбірі түспей отыр... Ортасына қуаныш сыйлап жүретін оның теріс қылықтары мүлдем болмаған. Спирттік ішімдік ішіп, темекі тартқанын еш көрмеппін, – деді Қайраттың жеңгесі Ырықсы апа.

Бала күнінде жыл сайын жазғы каникулда ауылға қарай бет бұратын бала Қайрат ес білгелі келуді сиреткен. Соңғы рет осыдан екі жыл бұрын келіп кетіпті. Ол кезде әкесі Нематтың аруағына ас берген. Туыстары ол биыл тамыз айында келіп қалар деп үміттеніп отыр. Себебі тамызда әкесі Немат дүниеден озған.

[caption id="attachment_17351" align="aligncenter" width="819"]dalanews kairat_kelimbetov02 Қайрат Келімбетовтың туыстары[/caption]

Ырықсы апа Келімбетовтің ауылға жиі келмеуін жұмысымен байланыстырады. Тіпті өз сөзінде Ұлттық банктегі басшылық қызметінен гөрі қазіргі жұмысы жақсы болды дейді. Себебін білгіміз келгенде «құлағы тыныш қой» деп әрмен қарай ашып айтқысы келмеді.

Қайрат Келімбетов әкесінің ауылына жиі келмесе де, өзіне қонаққа барған туыстарын жақсы күтіп, тіпті келіп-кету жолкірелеріне дейін өзі көтереді. Әкесінің бауырларын барған сайын киіндіріп жібереді.

«Ал материалдық тұрғыда туыстарына қарасып тұра ма?» деген сауалымызға ағасы мен жеңгесі үнсіз қалып, алдына ешқашан көмек сұрап бармағанын айтты.

– Құдайға шүкір, біздікі өзімізге жетеді. Күйеуім екеуміз де зейнеткерміз. Қарнымыз тоқ. Осы уақытқа дейін Қайраттың алдына көмек сұрап бармадық. Бара қалсақ, бетімізді қайтармайды деген сенімдемін. Себебі ол қанша жерден орыс мінезді болса да, тәрбие көрген бала. Әкесі мен анасы алтын адамдар болды. Айналасындағыларға үнемі жақсылық жасап жүретін, – деп өткенге көз жүгірткен Ырықсы апа үйіндегі қонақ бөлмеге арналған стенка мен кілемді, кіре-берістегі сәкіні (топчан) Немат Келімбетұлы алып бергенін айтып берді.

[caption id="attachment_17352" align="alignleft" width="453"]dalanews kairat_kelimbetov03 Қайрат Келімбетовтың студенттік шағы[/caption]

Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетовтің туыстарының айтуынша, экс-банкирдің бір қыз, екі ұлы бар. Жары Фатима Алматының қызы. Ал қайын атасы Павлодардың тумасы. Өзінің әкесі Немат Келімбетұлы елге белгілі жазушы болған.

Ғұмырының соңғы он үш жылында сал ауруына шалдыққанына қарамастан шығармашылығын тоқтатпаған оның «Үміт үзгім келмейді» туындысы талай оқырманның жүрегіне жылулық сыйлады.

Фатима мен Қайраттың қыздары Шынар Алматыға тұрмысқа шыққан. Бүгінде Швейцарияда тұрады. Ал бір ұлы Америкада тұрса, екінші ұлының қайда екенін туыстары білмейтін болып шықты.


Айтпақшы, Келімбет көшесіне бұл есімнің берілгеніне он жылдай уақыт болыпты. Бұрын Коммуна бөлімшесі аталған. Отыз шақты үй орналасқан бұл көшеде жарық та, су да, тіпті көгілдір отын да бар. Қырық жылдан бері аталған көшеде тұрып жатқан Баян Мұсабекова енді асфальт мәселесі шешілсе деген ниетте. Оның көршілері де бұл тілекпен келіседі.

Келімбеттің ұлы Немат тірі кезінде қолынан келген барлық жақсылығын жасағанын сағынышпен еске алған олар Немат Келімбетовтің көзі кеткен соң көше ешкімге керек болмай қалды деп қынжылды. Өйткені ауыл халқы топырақтан көз ашпай отыр. Дегенмен су мен газдан қиналмай отырған тұрғындардың жүзінен бұған да шүкіршілік дегенді байқадық. Себебі бұл көшеден сәл жоғарырақта орналасқан Жаңа құрылыс аумағының тұрғындары үшін су мен газ арман болып отыр.

44 жасында Ұлттық банк төрағасы болған Қайрат Нематұлының ел ішіндегі танымалдылығы 2015 жылдың басындағы девальвациядан соң арта түсті. Бір түннің ішінде доллар шарықтап кеткен сәтте "девальвацияның болғанын түнде ғана естідім" деп көптің шамына тиген болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде банкирді келеке еткен фотолар қаптап кетті.

 

Дереккөз: Nur.kz

Рекомендовать
Последние новости