ІІМ ТМД елдерінің ІІМ-терімен бірге іздеуде жүрген адамдарды ұстау, сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау бойынша жедел профилактикалық іс-шара өткізді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғыз Республикасының ІІМ-мен өзара іс-қимыл барысында Бішкек қаласында 39 жастағы қазақстандық ұсталды. Ол 13 жыл бұрын Жамбыл облысында жасалған топтық зорлау қылмысына қатысқаны үшін іздеуде жүрген.
"Ресей Федерациясы ІІМ Қылмыстық іздестіру бас басқармасымен ынтымақтастық нәтижесінде Сочиде 22 жастағы қазақстандық құрықталды. Ол Жетісу облысының аумағында бірқатар интернет алаяқтық жасағаннан кейін жасырынып жүрген", - деп жазылған хабарламада.
Павлодар облысы ПД жедел іздестіру тобы ресейлік әріптестерімен бірге Грозныйда 52 жастағы ер адамды ұстады. Ол 1996 жылы Павлодар облысының Бобровка ауылында жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған.
"Жамбыл облысы Қордай ауданының аумағында Өзбекстанның 47 жастағы азаматы құрықталды. Ол өз жұбайын өлтіріп, жасырынып жүрген. Елордада Германияның 58 жастағы азаматы ұсталды. Күдіктіге Гамбургте аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін өз елінің Интерполы іздеу жариялаған. Одан бөлек, адам өміріне қастандық жасағаны үшін Түркияның құқық қорғау органдары іздеп жүрген 33 жастағы шетелдік құрықталды", - деп жазылған хабарламада.
Өзбекстан ІІМ-мен бірге жамбылдық полицейлер Байзақ ауданында көрші елдің 46 жастағы азаматын ұстады. Ол 2009 жылғы қаңтардан бастап адам саудасы үшін іздеуде болған.
"Хабар-ошарсыз кеткен 56 адамның, оның ішінде 10 кәмелетке толмаған баланың жүрген жері анықталды. Мысалы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының ПД қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында 31 наурызда үйінен шығып кеткен 15 жастағы қыз Ақтаудан табылды", - деп жазылған хабарламада.
Жедел іс-шараның екі күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 284 қылмыскер ұсталды:
- кісі өлтіргені үшін – 7;
- денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 9;
- қарақшылық шабуылдар үшін – 6;
- тонау үшін – 5;
- есірткі қылмыстары үшін - 13.