Гид-кітапқа 600 мың доллар: Алматы шетелдік туристерді тарту үшін бюджеттен қанша жұмсаған?

Көркем Алдабергенова 10 дек. 2024 12:10 620

Алматыда туристерді тартуға қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Бұл туралы зерттеуді журналист Дмитрий Шишкин жасаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Журналистің зерттеуі бойынша, Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Алматы туризм бюросы» Қазақстан туралы шетелдіктерге арналған гид-кітап шығаруға 331 миллион теңге (шамамен 600 мың АҚШ доллары) жұмсамақ. Тиісті лот мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған, бұл сома кітапты шығару мен оның PR-ға жұмсалатын шығындарын қамтиды.

Бұған дейін Қазақстанда туризмді дамытуға ерекше көзқарас қалыптасқаны туралы айтылған: инфрақұрылым жасау орнына мемлекет имидждік роликтер, блогерлерге арналған пресс-турлар, көрмелер мен фестивальдер ұйымдастыруға көп қаржы жұмсайды. Бұл тұрғыда Алматы көш бастап тұр.

Биыл қаладағы Туризм басқармасы мемлекеттік сатып алу шеңберінде 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген, оның 4 миллиард теңгесі туристік өнімді ілгерілетуге бағытталған.

Кейбір тендерлер туралы:

Туризм басқармасы биыл «Алматы туризм бюросы» ЖШС-мен жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге үш келісімшарт жасасқан. Оның шамамен 1 миллиард теңгесі қаланың және облыстың туристік орындарын ел ішінде және халықаралық нарықта жарнамалауға бағытталған (961 миллион және 1 миллиард теңге). Тағы 331,3 миллион теңге имидждік іс-шараларға бөлінген.

Қала билігі 424,8 миллион теңгені елшіліктерде іс-шаралар өткізуге, халықаралық туристік көрмелерге қатысуға және шетелдіктерге арналған ақпараттық турларға бөлген. Мердігер – «Correct Solution» ЖШС.

Алматы Туризм басқармасы мемлекеттік сатып алу аясында «Bestar Travel» ЖШС-не шамамен 200 миллион теңге бөлген. Бұл қаржыға тамыз айының соңында Республика сарайының алдындағы алаңда өткен екі күндік Гастрономиялық туристік фестиваль ұйымдастырылған.

173 миллион теңге қазақстандық БАҚ-та ақпараттық материалдар дайындау және жариялау қызметіне жұмсалған. Мердігер – «Twelve Creative» креатив агенттігі.

306 миллион теңге интернеттегі жарнамаларды орналастыруға жұмсалған. Мердігер – «Tau Innovative Solutions» жарнама агенттігі. Алматыны көруге шақыратын жарнама Түркия, БАӘ, Катар, Сауд Арабиясы, Қытай және басқа елдердің тұрғындарына көрсетілген.

135 миллион теңге Алматыдағы MICE іс-шараларды қолдауға бағытталған. MICE (ағылш. Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions) – корпоративтік іс-шараларды ұйымдастырумен байланысты іскерлік туризм саласы. Мердігер – «QTrip» туроператоры және іс-шаралар ұйымдастырушысы. Олар сондай-ақ 67 миллион теңгеге туристік нысандардың бірыңғай тізімін жасауда.

74 миллион теңге Tripadvisor турплатформасында нативті жарнамалар мен ақпараттық материалдарды орналастыруға, ал 69 миллион теңге Expedia платформасында жариялауға жұмсалған. Мердігер – туризм саласындағы аналитикаға маманданған Open Travel Advisory компаниясы.

53 миллион теңге қазақ, ағылшын, араб және қытай тілдерінде дубляж және субтитрлермен бес бейнеролик жасауға арналған.

52 миллион теңге лазерлік сканерлеу негізінде виртуалды 3D-турлар жасауға бөлінген. Жобаларды «VideoStyle» студиясы жүзеге асырады.

Тендердің жеңімпазы әлі анықталмады, бірақ техникалық тапсырма француздық Assouline Publishing баспасымен ынтымақтастыққа арналғандай көрінеді. Техникалық спецификацияда жеткізуші 30 жылдан астам тәжірибесі бар және 20 елде дүкендері бар халықаралық баспа болуы керек деп көрсетілген. Құжаттың атауы да «ТС_Assouline» деп аталады.

Тендер шарттарына сәйкес, жеңімпаз халықаралық баспа өкілдерін қыс пен жаз мезгілдерінде Қазақстанға туристік орындарды, оның ішінде ЮНЕСКО ескерткіштерін түсіру үшін екі рет әкелуі керек. Шетелдік қонақтарды кемінде 5 жұлдызды қонақүйге орналастырып, оларды күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету қажет.

Гид-кітап ағылшын тілінде, 3000 данамен шығарылады. Қатты мұқабалы, алтын бедерлі, күңгірт қағазға фотобасылым басым болады деп жоспарланған. Сонымен қатар, гидті әлеуметтік желілерде және дәстүрлі БАҚ-та кемінде 10 елде жарнамалау қажет.


Рекомендовать
Последние новости