Қаржы институты теңге бағамына қатысты оптимистік болжам жасады

Думан Бықай 06 дек. 2024 12:13 4814

2025 жылы Қазақстан экономикасы өсіп, доллар бағамы тұрақтанады деген болжам жасалды деп жазады Dalanews.kz.

Еуразиялық даму банкі (ЕАБР) Қазақстандағы ЖІӨ 5,5%-ға артады деп оптимистік сценарий ұсынып отыр. Сонымен қатар, доллардың орташа бағамы 486 теңге деңгейінде сақталады деп күтілуде.

Қаржы институтының сарапшысы Айгүл Бердіғұлованың пікірінше, Қазақстанның валюта нарығындағы құбылмалылық уақытша сипатқа ие. Ол ұлттық валютаға сыртқы факторлардың қысымы байқалатынын, алайда жағдай тұрақтанады деп сенім білдіретінін айтты.

"Біз Ұлттық банктің әрекеттерін уақытылы, нақты және тиімді деп бағалаймыз. Валюта нарығындағы тұрақтылықты қалпына келтіруге ықпал ететін бірнеше негізгі фактор бар. Бұл, ең алдымен, квазимемлекеттік сектор тарапынан валюталық түсімді міндетті түрде сату талаптары, бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордан трансферттерді конвертациялау және жоғары базалық мөлшерлеме," – деп атап өтті сарапшы.

Банк сарапшылары мұндай болжамды жаңа инвестициялық циклдың іске қосылуымен байланыстырып отыр.

2029 жылға дейін Қазақстанға 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту жоспарланған. Бұл өңдеуші өнеркәсіптің дамуын ынталандырып, экономикалық құрылымды әртараптандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның бидай экспорты қайта жанданып, экономикаға қосымша қолдау көрсетеді деп болжануда.

2025 жылдың екінші жартысында Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру мен экспорт көлемі ұлғаяды деп күтілуде. Бұл ЖІӨ-нің өсуіне 0,4-0,6 пайыздық пункт қосып, экономикаға оң әсерін тигізбек. Сонымен бірге, базалық мөлшерлеменің төмендеуі экономикалық белсенділікті арттыратын жаңа импульс береді. Банк болжамдары бойынша, 2026-2027 жылдары Қазақстан экономикасы тұрақты түрде 5,5% өсім көрсетеді.

Инфляция деңгейі де біртіндеп төмендейді. 2025 жылдың соңында инфляция 7,3%-ға дейін баяулайды, алайда тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының 10-15%-ға өсуі әлі де ықтимал. ҚР Ұлттық банкі 2025 жылдың сәуіріне дейін базалық мөлшерлемені 15%-дан жоғары деңгейде ұстап тұрады деп болжануда.

Жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме 11,25%-ға дейін төмендейді, ал 2027 жылдың соңында ол 8%-ға дейін түсуі мүмкін.

Ұлттық қордан бөлінетін 5,25 трлн теңге көлеміндегі трансферт ішкі нарықта шетелдік валюта ұсынысын арттырады, бұл теңге бағамын қолдауға ықпал етеді. Дегенмен, импорттың ұлғаюы мен сыртқы қарыздарды өтеуге арналған төлемдер теңгеге қысым түсіруі мүмкін. Осылайша, Қазақстан экономикасы 2025 жылы тұрақтылықты сақтай отырып, құрылымдық өзгерістер мен инвестициялық өсімге бағыт алмақ.


Рекомендовать
Последние новости