Гүлмира Сатыбалды тағы бір қылмыстық іске күдікті ретінде танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазтагқа сілтеме жасап.
«Сатыбалды Г.К. және өзге де тұлғаларға қатысты Vostochka көпфункциялы тұрғын үй кешенінің құрылысы кезінде заңсыз әрекеттер жасау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр», – дейді Антикор.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның көмекшісіне қатысты сот үкімі шықты.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдыны 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тағайындады, ал көмекшісі Мәди Батыршаевты 9 жыл бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бұрын болған сот жарыссөзінде Гүлмира Сатыбалдының көлік жүргізушісі әрі көмекшісі Мәди Батыршаев бұл қылмыстық іске еш қатысы жоғын айтып, судьядан әділ төрелік жасауды өтінді.
Еске салайық, 2023 жылы Гүлмира Сатыбалдыға екі рет сот үкімі шыққан еді. 2023 жылы маусымда Қызылорда соты "Бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру" бабы бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айырған еді. Оның алдында Астана соты "Адам ұрлау" (125-бап) және "Өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны 7 жылға соттаған.