Қызылорда облысында мұғалімдерге арналған конкурс заңсыз өткізілген

Қаракөз Амантай 21 апр. 2025 14:31 201

Жаңақорған ауданының мектеп-интернатында бастауыш сынып мұғалімі лауазымына жарияланған конкурс нәтижесі заңсыз деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аталған лауазымға бес үміткер қатысқан. Олардың бірін қабылдау комиссиясы жеңімпаз деп танып, жұмысқа қабылдаған. Алайда байқауға қатысқан тағы бір үміткер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Оның айтуынша, жеңімпаз деп танылған адамның еңбек өтілі небәрі бір жыл болған, ал өз тәжірибесі мен жетістіктері мүлде ескерілмеген.

“Мамандандырылған межелі ауданаралық әкімшілік сот талапкердің арызын қанағаттандырып, мектеп-интернаттың қабылдау комиссиясының хаттамасын заңсыз деп танып, күші жойылды. Конкурс жеңімпазы бұл шешімге апелляциялық шағым түсірген. Қызылорда облыстық соты істің мән-жайын зерттей келе, конкурс бұған дейін де өткізілгенін, бірақ ұйымдастыру барысында бұзушылықтар анықталған соң, уәкілетті органның нұсқауына сәйкес қайта өткізілгенін атап өтті”, – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Алайда қайталама конкурс та заң бұзушылықтармен өтті. Ұйымдастырушылар құжат қабылдау мерзімін сақтамаған және конкурс комиссиясының отырысынан бір күн бұрын ғана конкурс жариялап, сол күні-ақ нәтижесін шығарған.

Бұдан бөлек, сот Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне анықталған заңбұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым жолдады.


Рекомендовать
Последние новости