Газдандыру ісі қарқынды жүргізілуде

Dalanews 23 мая 2019 10:48 1005

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қордай» автоматтандырылған газ тарату станциясынан Шу қаласына дейін ұзындығы 106 шақырым болатын қашықтыққа жер асты болат газ құбыры жүргізілген болатын. Содан бері ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып, бүгінде бірқатар қауырт шаруа тындырылған. Нәтижесінде аудан бойынша бірқатар елді мекендер табиғи газдың қызығын көруде. Жасыратыны жоқ, көгілдір отын аудан орталығы мен оның маңындағы ауыл тұрғындарының тіршілігіне ерекше серпін беріп, қатты отынға деген тәуелділіктен құтқарды. Сонымен қатар, ауданды газдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын ескерер болсақ, табиғи газдың келуі бұл өлкеге өзгеше өң кіргізетіндігі анық.

Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 36 000 аса тұрғыны бар Шу қаласынан бастап, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе және Бірлікүстем ауылдары да табиғи газды тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде. Шу қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстарын «ПГС Регион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Аталмыш мекеме 100 шақырымнан аса аумаққа газ желілерін тартып, 3000-нан аса тұрғын үйдің көгілдір отынға еркін қосылуына ыңғайлы жағдай жасаған. Табиғи газбен қамтамасыз етілген ауылдардың ішінде Бірлік пен Көктөбе ауылдарына газ құбырларын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүргізсе, қалған елді мекендерде газдандыру жұмыстарын тұрғындардың келісімі бойынша тиісті мердігерлер атқарған. Ал, Жиделі, Аң шаруашылығы, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Құмөзек сынды ауылдарда халық санының аз болуы себебінен және олар магистралды газ құбырынан қашықта орналасқандықтан ол ауылдарға газ құбырын жүргізу тиімсіз деп табылған. Бүгінгі таңдағы газдандыру жұмыстары аясында Шоқпар, Далақайнар, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Оразалы батыр, Ақсу секілді ауданнан шалғай жатқан 18 ауылды көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр.Осылайша, аудан аумағындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары күннен күнге қарқын алып, жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

Бұдан бөлек, аудандағы бюджеттік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алып келеді. Мәселен, аудандағы орталық қазандық пен Шу қалалық ауруханасының қазандығы және 3 жекеменшік балабақша табиғи газды тұтынуда. Міне, осылайша аудандағы шалғай елді мекендермен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандар да табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Рекомендовать
Последние новости