«Газ одағы құрылмайды». Тоқаев мен Мирзиёев Путинге қарсы шықты

Dalanews 08 дек. 2022 08:39 992

Өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жасаған жұмыс сапарында Кремль қожайыны Владимир Путин Орталық Азияның беделді екі елі Қазақстан мен Өзбекстанмен «Газ одағын» құру турасындағы ойын ортаға салған еді. Сол сәтте Тоқаев бұл мәселені тиісті ведмоства өкілдері алдымен талқылауы керек екенін айтып, Путиннің бетін бірден қайтармаған-ды. Күні кеше ғана Өзбекстанның Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов Өзбекстанның мұндай одақ құруға қатысты ниеті жоқ екенін ашып айтты.

Бүгінде Еуразиялық одақтың өзі бас ауыруға айналғанда ресми Астана мен Ташкенттің Мәскеуге экономикалық тұрғыдан тәуелді қылатын тағы бір одақ құру нағыз ақымақтық болар еді.

Украинадағы соғыстан кейін бір аяғы жерде, екінші аяғы көрде тұрған Путиннің ақылдан алжасайын дегені анық.

Егер «Газ одағы» құрылса, Ресейге салынған санкцияның бір бөлігі қалт-құлт етіп отырған Қазақстан мен Өзбекстанға оңдырмас еді.

Мұндай одақ дәл қазір бізге керек пе? Әрине керегі жоқ. Тіпті, Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстанмен бірігіп "Газ одағын" құруға Қытайдың өзі жол бермейтіні белгілі.


Бүгінде әлем елдері қол алыспайтын токсинді тұлғаға айналған Путинмен тағы бір одақ құру өзіңе қол жұмсағанмен тең емес пе?

Жарайды, Путиннің айтқаны болып «Газ одағы» құрылсын дейік. Сонда бұл одақтың көздегені не? Қазақ пен өзбекке қандай пайдасы бар?

Егер мұндай одақ құрылған жағдайда Ресей өзінің газын құбыр арқылы Қытай, Пәкістан, Ауғанстанға шығаруға күш салады. Осылайша Ресей Еуропада жоғалтқан тұтынушыларын Азия елдерімен алмастыра салмақшы.

Мұндайда Қытайға газ саудалап отырған Орталық Азия елдері жеп отырған нанынан айырылатыны сөзсіз.

Дәл қазір Кіндік Азияда басты газ экспорттаушы ел Түркіменстан екенін жұрт жақсы біледі.

Түркімен жерінен шыққан көгілдір отын төрт құбыр арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның территориясын көктей өтіп, Қытайға барып маңдай тірейтіні белгілі.

Осыдан-ақ, Азияның Қытай бастаған алпауыт елдері Ресейдің газына анау айтқандай қызығып отырмағаны аңғаруға болады.

Егер өңірде «Газ одағы» құрылып жатса, мұндай одақтың белді мүшесі Ресей емес Түркіменстан болуы керек. Ал Путиннің ойындағы «Газ одағында» Түркіменстан мүлде ұмыт қалған. Кремльдің бұл ойынына Қытай мен Орталық Азия елдері көнбесі анық.

Шамасы Путин Украианаға қарсы соғыс ашқан күннен бастап, өзінің геосаясаттағы статусы қаншалықты төмендегенін түсінбейтін сияқты. Әлде оны әлі мойындағысы келмейді.


Соңғы уақыттары Путинге деген сенімге селкеу түсті. Алпауыт елдердің басшыларын былай қойғанда, Ресейдің стратегиялық әріптесі саналап келген елдердің басшылары Кремль қожайынына қарсы келіп, ойын ашық айтып жүргенін көріп жүрміз.

Айталық, осыдан біршама уақыт бұрын Астанада өткен басқосуда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бүгінгі Ресей Орталық Азия елдеріне мұрын шүйіре қарайтын Кеңес заманынан қалған кеселден әлі арыла алмай отырғанын Путиннің бетіне басып айтып тастағанына бәріміз куә болдық.

Несін айтасыз, қазір Путин қандайда бір халықаралық жиындарға қатысса, сүтке тиген мысықтай сүмірейіп қайтатын болды.

Әшейіде өзіне қарсы келгенді кекеп-мұқап, тарпып-тістеп отыратын Путинді сабасына түсірген Украна әскеріне мың алғыс!

Енді тумай жатып, туа шөккен «Газ одағына» қайта оралсақ. Қолына түскен заттын заматта қаруға айналдырып, айналасындағы елдерді бопсалауға дайын тұратын Путиннен бәрін күтуге болады.

Мұны Қазақстан мен Өзбекстан жақсы біледі. Сондықтан Путиннің құрған тұзағына Тоқаев пен Мирзиёев түсіп қалады дегенге кім сенеді?

Кремльдің қазақ пен өзбектің жерін көктей өтіп Қытайға газ жеткізетін басты елге айналуына Қытай басшысы Си Цзиньпин мырзада жол бермесі анық.

Кім біледі, Путин қулығын асырып, аспан асты елін газ құбырымен шырмап, Еуропадағыдай энергетикалық шантаж жасауды да көксейтін шығар?.. Жалпы, Путин мен империялық пиғылынан әлі арылмаған Ресейден бәрін күтуге болады.


Бірақ алдағы күнін жүз жыл ілгері ойлайтын Қытай қанқұмар Путиннің қақпанына түспейтіні анық. Сондықтан Путиннің Орталық Азияның жетекші екі елімен тізе қосып  «Газ одағын» құрамын» дегені құр арман күйінде қалайын деп тұр.

Жарты әлемнің қожасы болуды жатса да, тұрса да армандайтын Путин әлемдік энергетикалық нарыққа әсер ету үшін не істемеді дейсіз?

Путин дүниежүзіндегі газ нарығындағы басты ойыншы болу үшін бұған дейін өзімен тағдырлас ел Иранмен бірге «газ ОПЕК-ін» құрған-ды. Өркениетті елдердің қыспағына ұшыраған қос ел жаңа ұйымның бас кеңсесін Катар астанасы Дохадағы зәулім ғимараттардың бірінен ашқаны да есімізде. Болған-біткені осы.

Аталған ұйымның әлемдік газ нарығына ықпал етіп, тектоникалық өзгерістер жасапты деген естіген де, көргенде де емеспіз. Путиннің осыдай жарымжан идеялары арада біршама уақыт өткеннен кейін ұмыт болатынын жақсы білетін Тоқаев пен Мирзиёев оған бір ауыздан «жоқ» деп жауап қатты.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

Рекомендовать
Последние новости