Гастарбайтер қазақ АҚШ-қа жету үшін жеті мемлекеттің шекарасын кесіп өткен

Dalanews 23 авг. 2023 04:24 991

Жаңа Қазақстаннан күдер үзген қазақтар жұмыс іздеп, шалғай елдерді шарлауға мәжбүр. Соның бірі  - Жанат Шәмиғанов. 

Жерлесіміз АҚШ-қа жету үшін жеті мемлекеттің шекарасын кесіп өткен, жеті мың шақырым жол жүрген, соның ішінде 500 шақырымын жаяу жалпылап өтуге мәжбүр болған. Орталық Американың ну жынысты орманында (жунгли) түнеп, тропикалық жаңбырдың астында қалыпты. Коста-Рика, Никарагуа, Гондурас, Гватемала, Мексика, Панама секілді елдерді басып өткен қазақ ақыр соңы Америкаға жетіп жығылған.

"Саяхатымызды Колумбиядан бастадық. Әрі қарай бізді шытырман оқиғалар күтіп тұрды. Панаманың Дариен дейтін табиғи қорығында бандыларға талана жаздадық. Бұл паркты қарақшылар торуылдайды екен. Әлемнің әр түкпірінен келген қаптесерлер мен баукесерлер осы арада бой тасалайды. Жергілікті полицейлер бұл араға тұмсық тыға бермейді. Қой тастардың қалқасына тығылып, бұтаның түбіне жасырынып, бұл арадан да аман-есен өттік.

Кейін Кариб теңізін кешіп өттік. Теңіз күзетінің көзіне түспеуге тырыстық. Сөйтіп Коста Рикаға жеттік. Мұнда да оңып тұрғаны шамалы. Мигрант екенің түріңде тұр, қашып-пысып жүргеніңді айтпай біледі, ширақ қимылдамасаң, білегіңнен шап беріп, тұтқынға алуы мүмкін. Кейін туған-туысыңыды бопсалап, ақша талап етеді. Мексика, Коста Рика секілді елдерде бұл үйреншікті жағдай...", - дейді жерлесеміз.

Осыншама мехнатты бастан өткен гастарбайтер қазақ ақыры аңсаған арманына қол жеткізіп, Америкаға табаны тиеді. 


Шекараны заңсыз кесіп өткендіктен Жанат тұрақты, алым-салығы рәсімделген жұмысқа орналаса алмайды. Екі қолға бір күрек іздеген жерлесіміз әр түрлі жерде жалданып жұмыс істейді, қанша төлейді соны місе тұтады.

"Қазақстанға жуыр арада орала алмаймын", - дейді ол.

Еліміздегі жоқшылық пен тапшылықтан шаршаған жерлестеріміз жақсы өмір іздеп осындай тәуекелге баруға мәжбүр.

 

 

Рекомендовать
Последние новости