Ғалым Құсайынов жаңа Салық кодексі туралы: Өткеннің қатесін түзеу – қашан да ауыр

Кәмшат Тілеухан 24 июл. 2025 12:40

"Өткеннің қатесін түзеу – қашан да ауыр, кейде тіпті саяси тұрғыдан тиімсіз. Мемлекет қандай да бір жеңілдік, қолдау немесе кәсіпкерлер арасында теңсіздік жасаса, бұл елдің экономикасына оң әсерді емес, көбіне саяси ұпай жинау дегенді білдіреді. Ондай ұпайдың ғұмыры тым қысқа. Бірақ салдары ұзаққа созылады. Ондай шешімдерді кейін түзеу тым қиынға соғады. Осы жағынан алғанда, экономикалық заңдарды жете түсінбеген жеке субъектілер қысқа мерзімді пайданы көргенімен, жалпы елдің дамуы тежеледі. Мысалы, бензин мен коммуналдық төлемдердің арзандығын халық "мемлекеттің мейірімі" деп қабылдайды. Ал, шын мәнінде, бұл инфрақұрылымдардың тозуына, өндірісті кеңейту жұмысарының тежелуіне, кірістердің азаюына, ақыры бүгіндері тарифтер мен бағаның күрт өсіміне алып келді. Мұндайды талай ел бастан өткерген". Осылай өз жазбасын бастаған қаржыгер-маман Ғалым Құсайынов күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Салық кодексі мәжбүрлі әрі уақытынан кешігіп жеткен өзгеріс екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұған дейін шағын бизнеске жасалған салық жеңілдіктері де шағын кәсіптің өсуіне емес, бизнестің жасанды түрде бөлшектенуіне әкеліп, соның кесірінен шағын бизнес орта бизнеске, орта бизнес ірі бизнеске айнала алмай, экономиканың еңбек өнімділігі төмендеп, халықтың кірісі артпай жатқанын айтады.Макро және микро деңгейдегі ұстанымдар осылайша әрдайым қайшылыққа ұшырап жатады.

"Соңғы 20 жылда Қазақстанның салық жүйесі популистік шешімдердің құрбаны болып, жол берілуі тиіс барлық қателіктерді жасады. Соның салдарынан қаржы жүйесі толық дисбаланстан шықты. Қазір сол зиянды жеңілдіктерді алып тастау үшін бірнеше жылға созылатын батыл қадамдар қажет болып отыр.Жаңа Салық кодексінің қабылдануын, осы тұрғыдан алғанда, ақылға қонымды жеңіс деп атауға болады. Әрине, бәрін түгелдей түзеу мүмкін болмады, бірақ бастапқы бағыт дұрыс", - дейді ол.

Сарапшы жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерге былайша қысқаша тоқталады:

  • Біріншіден, ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға көтерілуі - өзара ымырада қабылданған шешім. Негізі, бюджет тапшылығын жабу үшін ҚҚС-ны 20%-ға дейін көтеру керек еді. Бірақ халыққа ауыр тиеді, әрі инфляцияны бірден көтеретін шара болған соң, 16% деңгейіне тоқтады. Еуропалық әлеуметтік мемлекеттерде салық бұдан әлдеқайда жоғары, себебі оларда салық табысты қайта бөлудің құралы ретінде қолданылады. Бұрынғы 12%-дық төмен мөлшерлеме инфрақұрылым шығындарын азайтып, мұнай бағасына тәуелділікті күшейткен еді.
  • Екіншіден, бөлшек сауда салығы енді тек нақты бөлшек саудаға арналады. Бұған дейін шағын және орта бизнес арасындағы салық айырмашылығы бизнесті ұсақтауға әкеліп соқтырған. Негізі, бұл салық жеңілдігі емес, салық есептілігін оңтайландырудың бір түрі болуы тиіс еді. Енді бөлшек сауда салығының шегі 2,4 млрд теңге деңгейінде белгіленді, бұл B2B сегментінде салықтан жалтарушылар санын азайтады, бизнестің әділетті бәсекелестігіне жол ашады.
  • Үшіншіден, ҚҚС-тың шегі 40 млн теңге болып бекітілді. Бұл да түпкі мәселені толық шешпейтін, бірақ белгілі бір дәрежеде жағдайды жақсартатын өзара келісілген шешім. Бұған дейін ҚҚС төлеуден жалтару схемалары өте көп болған, енді шағын бизнестің бөлшектенуі біршама азаюы мүмкін. Дегенмен алғашқы кезеңдерде бәрібір бизнесті майдалау жалғасуы ықтимал.
  • Төртіншіден, ҚҚС-ты аванспен төлеу тетігі енгізілді. Бұл экспорттаушылар үшін ҚҚС-ты қайтару процесін жеңілдетуге бағытталған. Бұрын ҚҚС-ты қайтару бюрократияға, жемқорлыққа толы, салық пирамидасына айналған өте күрделі процесс болатын. Қазір шот-фактураны тек ҚҚС алдын ала төлеген компания ғана ала алады. Алайда адал кәсіпкерлер қаржысын алдын ала бұғаттамау үшін Тәуекелдерді басқару жүйесі (СУР) арқылы салық несиелерін, банк кепілдіктерін енгізу сияқты қосымша механизмдерді енгізу керек деп санаймын.
  • Бесіншіден, банк секторына енгізілген жоғары КТС мөлшерлемесі. Банктердің аса жоғары табысы мемлекет енгізген реттеушілік шектеулерден туындаған. Енді салықты көтеру мәселені шешпейді, керісінше ірі банктердің позициясын күшейтіп, банк секторындағы концентрацияны арттырады.
  • Алтыншыдан, тұрғын үй нарығына ҚҚС-ты енгізу. Құрылыс нарығы бұрын ҚҚС-ты оңтайландыру бойынша схемамен жұмыс істегені рас. Бірақ енді бірінші нарық екінші нарықпен бәсекелесе алмай қалады, өйткені екінші нарықта ҚҚС жоқ. Бұл «көлеңкелі» нарықтың кеңеюіне, тұрғын үй құрылысының тежелуіне себеп болуы мүмкін. Еліміздің еңбек өнімділігін арттыру үшін ауыл халқының қалаға көшкені жақсы, сол үшін де тұрғын үй құрылысы үздіксіз жүріп жатуы керек, бірақ ҚҚС-ты енгізу оған кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан бұл шешімнің өз-өзін ақтайтындығына күмәнім бар.
  • Жетіншіден, жеке табыс салығына прогрессивті жүйе енгізу. Бұл – дұрыс әрі дамыған елдерде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Бірақ, бізде ипотекалық несиеден, алғашқы баспана құнынан, ем-шарадан, білім алу шығындарынан шегерілетін салық жеңілдіктері әлі енгізілмеген. Бұл жүйені толыққанды енгізу үшін әлі де зерттеу мен талдаулар қажет.

"Жаңа салық кодексінде бұдан да өзге бастамалар жетерлік.  Мен олардың ең маңызды, экономикаға тікелей әсер ететіндерін ғана атадым. Жалпы алғанда, жаңа кодекстің қабылдануы – алға жасалған мәжбүрлі қадам. Бірақ алдағы уақытта онда әлі де нақтылауды, жетілдіруді қажет ететін тұстар жетерлік. Мемлекетке алда бұдан да батыл шешімдер қабылдау керек болады", деп сөзін түйіндейді Ғалым Құсайынов.

Бұған дейін сайтымызда Ғалым Құсайыновтың жылжымайтын мүлік нарығы мен ипотекалық несиеге қатысты талдауын жариялаған болатынбыз.


Рекомендовать
Последние новости