Футболдан Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Лихтенштейнмен кездесіп, қарсылас команданы 4:0 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Матчтың алғашқы жартысында-ақ қазақстандықтар қарсылас қақпасына екі гол соғып, ойын тізгінінде көш бастады. 26-минутта есепті “Елімай” шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек ашса, араға екі минут салып Бақтияр Зайнутдинов қарқынды соққымен есепті еселей түсті. Екінші таймда Кенжебек дубль жасап, командасының басымдығын нығайтты. Ал ойын соңында құраманың жаңа ойыншысы Әлібек Қасым дебюттік кездесуінде гол соғып, ойынды 4:0есебімен түйіндеді.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін іріктеу кезеңіндегі екінші табыс болды. Қос матчтың да жеңісі Лихтенштейнге қарсы тіркелген. Енді Талғат Байсуфиновтың шәкірттері келесі ойынын 13 қазанда Скопьеде Солтүстік Македония құрамасына қарсы өткізеді.