Egov порталына кіру тәртібі өзгерді

Көркем Алдабергенова 10 окт. 2025 13:38

Қазан айынан бастап eGov.kz электронды үкімет порталына кіру тәртібі өзгерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енді ЭЦҚ-дан кейін SMS-код қажет

Енді жүйеге ЭЦҚ арқылы кіргеннен кейін пайдаланушы өз жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-кодпен растауы тиіс.

Бұл жаңашылдық eOtinish және «Ашық үкімет» сервистеріне де қатысты.

Негізгі мақсат - дербес деректерді қорғау

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, екі кезеңді авторизация жеке мәліметтердің қауіпсіздігін арттыру және рұқсатсыз кірудің алдын алу үшін енгізілді.

SMS алу үшін пайдаланушының мобильдік нөмірі eGov.kz тіркелгісімен байланыстырылған болуы қажет.

Басқа тәсіл

Жүйеге кірудің балама тәсілі - eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы QR-код сканерлеу.
Сондай-ақ шетелде жүрген азаматтарға халықаралық роумингті қосулы ұстау ескертілді.

ЭЦҚ-ны басқаға беруге болмайды

Мамандардың айтуынша, ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаға беру - жеке қолтаңбаны беру ретінде есептеледі және бұл әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 50-ден 200 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости