Қазақстанда алдағы жылы тұрғын үй бағасы тағы да өсуі мүмкін. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжай Dalanews.kz агенттігіне берген пікірінде айтты. Оның сөзінше, құрылыс компанияларына енгізілетін жаңа салық талаптары мен инфляция деңгейі баспана құнының қымбаттауына тікелей әсер етеді.
Сарапшының айтуынша, келесі жылдан бастап сатылатын пәтерлерге құрылыс компаниялары қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізеді. Бұл өз кезегінде баспана бағасының шарықтауына әкелуі мүмкін.
"Әрине, нарықта белгілі бір түзетулер болады. Өйткені жылдың аяқталуына 2,5 айдан аз уақыт қалды. Ал 2026 жылдың басынан бастап сатылатын пәтерлерге қосымша құн салығы (ҚҚС) енгізіледі. Бұл бағаның кем дегенде 16 пайызға өсуіне себеп болады", — дейді ол.
Сонымен қатар Айбар Олжай биыл инфляция деңгейі шамамен 11 пайыз екенін атап өтті.
"Егер осы инфляцияны және қосымша құн салығын қоссақ, келесі жылы, нақтырақ айтқанда 2026 жылдың бірінші және екінші тоқсанында баспана бағасы айтарлықтай қымбаттайды", — дейді ол.
Маманның болжамынша, заңнамалық өзгерістер күшіне енбей тұрған уақытта тұрғын үй нарығында алып-сату мәмілелері көбеюі мүмкін. Себебі азаматтар ескі талаптармен келісімшарт жасап үлгеруге тырысады.
“Осы жылдың соңғы тоқсанында нарықта белсенділіктің артуы ықтимал. Жалпы, 2025 жылдың соңында нарықта белсенділіктің артқаны байқалса, 2026 жылдың басында тұрғын үй қымбаттауы мүмкін”, – деп түйіндеді сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин де Қазақстанда құрылыс компанияларына қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-дық мөлшерлемесін енгізу баспана бағасының өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтқан еді.
“Неліктен ҚҚС салу керек екенін түсіндірейін. 2023 жылы елдің ЖІӨ 135 трлн теңге болды. Оның 17,5%-ы – көлеңкелі экономика. Бұл ресми статистика, оған сүйенуіміз керек. Яғни, 135 трлн теңгенің 20 трлн теңгесі көлеңкелі экономиканың үлесі. Оның құрылымына келсек, алғашқы бестікке көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру салалары кіреді”, – деді Әмрин Мәжіліс кулуарында.
Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда құрылысшылар құрылыс материалдарын ҚҚС-сыз сатып алады. Алайда жаңа ереже бойынша, 16% ҚҚС төлеген жағдайда, құрылыс компаниялары өз жеткізушілерін “көлеңкеден шығарып”, салық төлеуге ынталандыруға мәжбүр болады.
“Егер құрылысшы ҚҚС-ты есепке ала отырып, сатып алушыларды заңдастырмаса, бұл айналым салығы болады. Сол себепті ол жеткізушілерін көлеңкеден шығарады”, – деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, жаңа салықтық реформа инфляция деңгейін шамамен 3%-ға арттыруы мүмкін.
“Бағаның өсуі, әрине, болады, біз мұны түсінеміз. Әсіресе, азық-түлік емес тауарлардың бағасы қымбаттайды”, – деп қорытындылады вице-министр.
Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі құрылыс компаниялары үшін қосымша жүктеме болады. Бұл жүктеме, сайып келгенде, пәтер бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік органдар салық реформасының негізгі мақсаты экономиканы көлеңкеден шығару және салық түсімдерін арттыру екенін алға тартады.