Еуразия кеңістігіндегі кино: біз қалай бірігеміз?

Dalanews 13 дек. 2016 17:09 863

 

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында осы жолы «Кино және адамдар: үлкен экран көрерменді біріктіреді» деген тақырып талқыланды. Жиында бас қосқан сарапшылар аталған тақырыпқа орай өз пікірлерін білдірді.

«Еуразиялық одақ кеңістігіндегі фильм туралы айтар болсам, ол әзіргі күні барлық кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «28 панфиловшы» фильмі. Бұл туынды туралы 2009 жылы бері айтып жүрді. Ақыры, жобаны түсіруге ақша жиналды. Бұл бұқараның көмегімен түсірілген алғашқы халықтық фильм» деді өз сөзінде шараның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Қазақфильм киностудиясының PR-директоры Дмитрий Шишкиннің айтуынша фильмнің бюджеті 150 млн. рублді құраған. Қалың бұқара өз қалтасынан 35 млн. рубль жинап беріпті. Ол атап өткендей фильмге танымал актерлер түскен.

«Алайда олардың ешбірі бұдан табыс табуды көздеген жоқ, керісінше туындыға тарихи туынды ретінде қарады» дейді ол.

Өз кезегінде Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнәр Әбікеева елімізде киноөнімнен табыс табу әлі жолға қойылмағанын тілге тиек етті.

«Біздің Қытай мен Ресей сынды алып мемлекеттермен әріптестік байланыста екенімізді ескерсек болашақта Ұлы Жібек жолы туралы фильм түсірілуі мүмкін. Бұдан басқа да тақырыптар пайда болуы ғажап емес» деді ол.

Оның айтуынша соңғы кездері Қазақстанның кинонарығына қызығушылық танытқан көрші елдердің саны өсіп келеді. Биылғы жылдың өзінде отандық кинотеатрлар қырғыз, орыс, өзбек және моңғол фильмдерін көрсеткен.

Ал саясаттанушы Андрей Чеботаревтің айтуынша соңғы 25 жылда бір кездегі КСРО құрамында болған елдердің біріктіретін бірде-бір туынды түсірілмеген.

«Осының кесірінен біз бір кездегі бауырлас елдердің киноларын көре алмайтын болдық.Айталық, грузин, армян немесе молдован бауырларымыздың туындыларын неге тамашаламаймыз?» деді ол өз сөзінде.

Отырысты түйіндеген кинопродюсер Сәкен Белгібаевтың айтуынша соңғы жылдары отандық кино шын тәуелсіздікке ие болды.

«Отандық киноның көрермендері негізінен аймақтарда. Бір кездері Астана мен Алматыдан тыс өңірлерде бар болғаны 11 кинотеатр болған. Ал қазір олардың саны 300-ден асып жығылады» деді ол.

Рекомендовать
Последние новости